«Masele». Қашаннан бері қариясынан безінген безбүйрек болдық? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Masele». Қашаннан бері қариясынан безінген безбүйрек болдық?

16.03.2019

Зейнеткерді керек қылмағандар зейнетақыға таласып жүр, әне. Бір апта бойы тағдыр тауқыметін тартып қараусыз қалған, болмаса бала-шағасы керексіз деп тентіретіп тастап кеткен қариялар туралы бейнематериал түсіргенде мұндай мұңлы сөздің талайын естідік. Жүрегің қан жылайды.

Біз жаңа ғасырда, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылған, техниканың тілін меңгеріп, ғаламшарлардың сырын ұққысы келетін буынбыз. Сол буынды бу ұрып бүлінді қазір. Өйткені, өзге ғаламшарлықтардың тілін меңгереміз деп ұмытылып өзіміздің ет жақындарымыздың тілін таба алмайтын күйге түстік.

Техникалық төңкеріс жасап темір-терсекке үйір болған сайын жүрегіміздің темірдей қатып бара жатқанын сезбедік, әттең. Өзгелерді қойшы, біз қазақ өз ата-анасын өзекке тебетін қоғамға айналып шыға келдік. Қазір Қазақстанда 49 қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік қызмет көрсету мекемесі бар. Бір сөзбен айтқанда, 49 қарттар үйі.

Әрине, көк жәшіктің алдында отырған көбіңіз: «көпке топырақ шашпа, біз ата-анамызды, ата-әжемізді қарттар үйіне қалдырмаймыз», деп тулап та кеткен шығарсыздар. Олай болса, тоқтаңыз. Аталған 49 мекемеге қарияларды кім тастап кетті, сол безбүйректерде қазақ ананың емшегін емген емес пе?

«Саусақ бірікпесе, ине ілікпейді», деп бірлікке шақырғанда жақсымыз, ал адамның адамдығы сыналар сәтке келгенде шілдің құмалағындай шашылып кететін болдық. Қариясы бар үйдің қазынасы бар дейтін қазақ қашаннан бері қазынадан безінетін безбүйрек болдық?

Елдің көкейіндегіні Елбасы айтты күйініп. Қазір сюжетті  көріңіздер, қабырғаңды қайыстыратын сұхбаттар бар. Ия, біз Еуропаға еліктеп, Америкаға қарап амалдайтын буынбыз. Соларды сөз етіп, тамсанып таңдай қағады көбісі. Сонда қазақтықты қай сандыққа салып сақтаймыз, ағайын?

Әлемге атқа мінуді, киім киюді, қару жасауды, металдан әшекей құюды үйреткен қазақтың бүгінгі буыны, ата-анасын қартайғанда қажет қылмай қарттар үйіне қуып шығыпты деген ақпарат өріп жүр. Осындай бір оқиға болды ма, бітті, бұл бәрімізге сын.

Қарияны сыйғызбаған кесір келін мен ұятсыз ұлдың адамның тілін алуы екіталай. Ендеше, Құранның сөзін айтайын, Исра сүресінің 23-24 аятында: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал, егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса: «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр»-, де».

Әке-шешеге «түһ» демек, түгілі төмпештеп қарттар үйіне қуған жаңа заманның ұл-қыздарына айтарым: «Әкеңді ұрған таяғыңды сақтап қой балаңа керек болады». Тізгін Еркін Съезұлында.

Хабарламаларға жазылу