Алматының коммуналдық кәсіпорындарының қызметкерлері қарызын төлемейтін тұрғындардың соңына электр-самокатпен түсті. Өйткені, берешегін уақытында төлемейтіндер көбейген. Ал, өздігінен әрі жылдам жүретін құрылғы инженерлердің жұмыс уақытын екі есе үнемдемек. Бірақ, бұл борышкерлердің қарызын қысқартуға қаншалықты әсер етеді?
Олжас Тұрлыбек үш жылдан бері «Алматы су» холдингінің инженері болып жұмыс істейді. Көктем-күз кезінде рейдке шыққанда ол күніне 50 үйді жаяу аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Суға заңсыз қосылған немесе қарызы бар адамдарды анықтап, ақпаратты мекемеге жеткізуі қажет. Ал, жеке үйлердің арасы бір-бірінен алшақ.
Олжас Тұрлыбек, «Алматы су» мекемесінің инженері:
Бұрын 50 үйді араласақ, қазір 100-ден астам үйді осы самокат арқылы аралап, үлгеріп жатырмыз.
Қазір Олжас секілді 50-ге жуық маманға осындай электр-самокат берілген. Себебі, қалада қарызын төлемейтін борышкерлер азаймай тұр. Кейбір үйлерге инженерлер бір емес, бірнеше рет барады. Өйткені, қарызы барлардың көбісі есігін ашпайды. Ашса да, анық ақпарат бермейді.
Міне, осындай борышкерлермен жұмысты бір жүйеге келтіру үшін аталған мекеме жыл сайын бірнеше рет рейд жүргізеді. Суды тоқтатып, кәріз жүйесін кеседі. Оған да бағынбайтын тұрғындардың қарызын өндіруге қатысты істер қазір сотқа жолданып жатыр. Биыл 274 арыз құзырлы органға жіберілген. Соның нәтижесінде, дебиторлық берешек 330 миллионнан 102 миллионға азайған.
Нұрлан Бопазов, «Алматы су» мекемесінің бас маманы:
5 айға дейін бөліп төлеуге көмек көрсетіп жатырмыз.
Электр-самокатқа үйреніп қалған инженерлер үй аралауға кететін уақыттың екі есеге азайғандығын айтты. Бірақ, одан қарыз көлемі азая ма? «Оны уақыт көрсетеді», дейді олар. Өйткені, былтыр пайдаланған су үшін берешегі бар 10 мың тұтынушының құбыры кесілген.
Аманкелді СЕЙТХАН