Бүгін 20 наурыз 2019 жыл Қазақстан тарихындағы ерекше күн. Жаңа ғана Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін ресми түрде тапсырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Қазақстан халқы алдында ант берді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Президентінің куәлігін табыстады. Бірлескен отырысқа ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, Қазақстанда тіркелген шетелдік миссиялардың басшылары және қос палата депутаттары қатысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдындағы абыройы мен мемлекет үшін атқарған істерін ерекше атап өтіп, «Елбасы жаһандық деңгейдегі саяси қайраткер ретінде ұлылығын көрсетті» - деді.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының бұған дейін жариялаған әлеуметтік бастамалары сәтті жүзеге асып жатқанына тоқталды.
Президент өкілеттігіне кірісе сала, Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше маңызды мәлімдеме жасап, алғашқы ұсыныстары мен тапсырмаларын берді. Солардың бірі – Елорданың атауын «Нұрсұлтан» деп өзгерту. Бұл бастаманы залда отырғандар ду қол шапалақпен қабылдады.
Альбина Әшім