Елбасы кеше жасаған мәлімдеме жайында хабар таратпаған ақпарат құралы әлемде кемде-кем. CNN, BBC, Euronews, RT. Атай берсек, Қазақстанның саяси өміріндегі маңызды оқиғаларға қалам тартқан медиа ұйымдар өте көп. Оларда жарық көрген материалдардың кейбіріне Арай Төлегенқызы шолу жасайды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін тоқтату туралы шешімі бүкіл әлемді елең еткізді. Бұл оқиға жайында қазір дүниежүзінің көптеген ірі агенттіктері мен телекомпаниялары, газеттері мен интернет порталдары материал жазып, мәлімет таратып жатыр. Солардың бірі – «Рейтер» агенттігі.
Оның хабарлауынша, «Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік алуына зор үлес қосты. Оның билігі тұсында ел экономикасына ондаған миллиард доллар инвестиция тартылып, мұнай өндірісі үш есеге артқан. Және де Назарбаев Ресеймен, Батыспен ғана емес, шығыстағы алып көршісі Қытаймен де тығыз байланыс орната білді».
Бұл - Катардың «әл-Жазира» телекомпаниясының кадрлары. Оның тілшісі Грузия астанасы Тбилисиден хабарлағандай, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік биліктен кетуі шынында да көпшілікті таңырқатқан жаңалық болды. Репортердің тағы бір сөзіне қарағанда, соңғы 30 жылда Қазақстан бейбіт өмір сүрді. Ал, Орталық Азияда Назарбаевқа дейін ешқандай лидер өз еркімен қызметтен кету туралы шешім қабылдамаған.
Назарбаевтың өкілеттігін тоқтату туралы шешіміне көлемді материал арнаған дүниежүзілік медиа ұйымдардың бірі - «Ассоушиэйтед пресс» халықаралық ақпарат агенттігі.
Оның хабарлауынша, «Назарбаев билікке келген жылдары Қазақстан негізінен ядролық сынақ алаңдарымен, Байқоңырдағы ғарыш айлағымен ғана әйгілі еді. Қазір елдегі жағдай түбегейлі өзгерді. Назарбаев тұрақтылық пен бейбітшілікті, Ресей мен Батыс арасындағы нәзік тепе-теңдікті ұстап тұра білгені үшін шетелде кең көлемде мақтауға лайық болып отыр».
Ресейдің «RT» телекомпаниясы да еліміздегі айтулы саяси оқиғаға хабар арнады. Онда айтылғандай, Назарбаевтың тұсында Қазақстан әлемде бейбітшілік бастамасына мол инвестиция салды. Бұған дәлел ретінде арна журналистері Сириядағы соғысты тоқтатуға бағытталған «Астанасы процесін» алға тартып отыр.
Түркияның «Анадолы» агенттігі болса, өз материалдарының бірін «Қазақстан тәжірибелі дипломатқа аманат» деген атпен жариялады. «...Нұрсұлтан Назарбаев президенттік мерзімі аяқталғанша республика билігін Сенат төрағасы әрі тәжірибелі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Қазақ, орыс, ағылшын, француз, қытай тілдерін еркін меңгерген Тоқаев елдің ядролық қарудан бас тартуы жолында белсенді рөл атқарды. Және де ол - Қазақстанның киррилицадан латын алфавитіне көшкенін қолдаған саясаткерлердің бірі...», - деп хабарлайды түріктің жетекші ақпарат құралы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттілікті Сенат төрағасына тапсырғаны туралы Қытайдың «ССТV» телекомпаниясы мен өзге де ірі арналар да хабар таратты.
Әйгілі «Нью-Йорк Таймс» газетінде жарық көрген мақала «Нұрсұлтан Назарбаев қызметтен кететіні туралы мәлімдемесімен аймақты таңқалдырды» деп басталған. Онда тұңғыш президенттің «Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады»,- деген сөзін келтірілген.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ