Бүгін «NurOtan Trends» пікірталас алаңында Тұңғыш Президент-Елбасының елге сіңірген еңбегі мен тәуелсіз мемлекет қалыптастыру жолындағы қажыр-қайраты туралы сөз болды. Өз сөзінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев заңмен бекітілген Елбасы мәртебесінің маңызына назар аударды.
Бұдан басқа, ол президенттік өкілеттікті тоқтатуды толығымен Конституцияға сәйкес жүргізілгенін ерекше атап өтті. Әрі еліміздің болашақ даму жолында Елбасы саясатын одан әрі жалғастырудың аса тиімді екенін тілге тиек етті. Әдеттегідей аталған отырыс онлайн режімде өтті. Іс-шараның жазбасын Мәулен Әшімбаевтың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан көруге болады.
Мәулен Әшімбаев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
Біз Елбасы саясатына сөзімізбен де, ісімізбен де қолдау көрсетуіміз керек. Алдымызда елімізді дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды міндеттер тұр. Қазақстанның даму жолындағы бағыт-бағдарын айқындайтын жаңғыру үдерісін сақтай отырып, осы салада жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Тұңғыш Президентіміздің басшылығымен қолға алынған экономикалық, әлеуметтік, рухани жаңғырулар еліміздің басым бағыттары болып қалуы тиіс.
Ғабит БӨКЕНБАЙ