Жамбыл облысындағы 3 ай тергеліп, 4 айға созылған сот процесіне нүкте қойылды. Осылайша, еліміздегі ең ірі темір жол апатына кінәлілерге үкім кесілді. Өткен жылдың маусымында болған оқиғаға Шу дистанциясы 2-өндірістік учаскесінің бастығы Жақыпов Қаркен, орынбасары Ербол Ахаев және осы бөлімдегі Бейбіт Шенсізбаев күдікті ретінде тартылды.
Кінәлілерге жол қауіпсіздігін қадағаламаған деген айып тағылды. Ал, адвокат бұл істе айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды дейді. Сотталушылар да кінәсіз екенін айтып, бұл үкіммен келіспейтінін жеткізген. Алайда, судья үшеуін де бас бостандығынан айырды.
Ернар Жаманқұлов, судья:
Сотталушылар Теңсізбаев, Жакипов, Акаевқа қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 344-бабының 2-бөлігімен сотқа берілген қылмыстық ісі қаралып аяқталды. Ол айыпталу үкімімен бітті. Бұл үкім бойынша олардың кінәлары дәлелін толық тапты. Оларға екі жыл мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және үш жыл мерзімге көліктегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, былтыр жолаушылар пойызындағы апаттан бір адам қаза тауып 11 адам жарақат алған еді. Ал бас бостандығынан айырылған үш лауазымды қызметкер енді 3,5 млн-дай материалдық шығын өтейтін болды.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ