«Алтын жебе» кешенді тексерісінің қорытынды кезеңі тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алтын жебе» кешенді тексерісінің қорытынды кезеңі тоқтатылды

28.03.2019

Бүгін еліміздің Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың тапсырмасы бойынша МИ-8 үлгісіндегі армиялық авиация қолданылатын арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді тексерісінің қорытынды кезеңі тоқтатылды.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шектеулер тікұшақ апатының себептері мен бір типті әуе кемелерінде оларды болдырмау жөніндегі алдын алу шаралары өткізілгенге дейін енгізілген.

Әскери-әуе күштерінің авиациялық топтамасын тарта отырып, өткізіліп жатқан арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді тексері барысында бірқатар күрделі шараларды атқару қарастырылған еді. Тексерістің Алматы облысында өткен іс-қимылдарына өңірдегі тілшіміз куә болып қайтқан еді. Енді осы сюжетті назарларыңызға ұсынайық. 

Екі әскери ұшақтың бірінде барлау полкінің сарбаздары, екіншісінде арнайы жүк тиелген. Әуе кемелері Алматы облысындағы «Бахар» аэродромына бет алды.

Сарбаздар бес қаруын асынып, соңғы тексерулерін жүргізіп жатыр. 30 барлаушы және парашютпен секірушілерді дайындайтын орталықтың арнайы тобына тапсырма беріліп, жауынгерлер қайта ұшаққа қонды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Біз қазір мың жарым метр биіктікте ұшып келеміз. Сарбаздар қазір секіре бастайды. Ал жерге түскенде олар тапсырма бойынша әскери нысанды бақылауға алып, күзетеді.

Белгіленген нүктеге дөп түскен сарбаздардың міндеті жылдам әрекет ету. Бірі парашютын жинағанда екіншісі қарауылдап тұр. Осылай алма-кезек бір-біріне қарайласқан отан қорғаушылар топтасып, әскери нысанды күзетке алды.

Барлаушы:

Секіру барысындағы ең біріншіден айтатыны қауіпсіздік. Содан кейін әскери қызметшілердің бірін-бірін түсініп, бір-біріне қойылған тапсырманың орындалуы, ұйымшылдықтарын айтсақ болады.

«Алтын жебе» тактикалық тексеру жаттығуларына 2000 астам жауынгер, 30-ға жуық әр түрлі әуе кемелері, 300-дей басқа да әскери техника жұмылдырылған.

Болат Жорабаев, «Алтын жебе» тактикалық тексеру жаттығуларының басшысы:

Осы жерден тікұшақтармен Көктал тау полигонына алып кетеміз. Түнде сол жерге барып қондырамыз. Бір түннің ішінде 45 километрдей тау арасымен жүріп, белгіленген нүктелерге отыру керек. 

Дәл осы жаттығу барысында арнайы мақсаттағы әскер өз тарихында алғаш рет парашютпен жүк тастап көрді.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу