Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезі өтті

25.06.2014
Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезі өтті

Бұдан былай, отандық кәсіпкерлер бес бағытты іске асыру жолында жұдырықтай жұмылмақ.

 
Жұмсалған күштен емес, біткен істен бастайық. Аталған палата тарапынан бес айдың ішінде бизнесмендерге қатысты заңнамаларға түзету енгізу туралы 410 ұсыныс беріліп, оның 239-ы мақұлданды.
 
Ал, кәсіпкерлердің құқықтарына байланысты келіп-түскен 595 өтініштің 372-і қаралып, нәтижесінде нақты көмек көрсетілген. Бұдан бөлек, кәсіптің дамуын тежейтін бірқатар кедергілер жойылған.
 
Тимур Құлыбаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқасының Төрағасы:
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауда бастаған шаруамыз табысты, деп есептеймін. Бас прокуратура мен Қаржы полициясы сияқты республикалық және аймақтық құзырлы органдар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын кеңес бірлесіп, бүгінгі күнге дейін бизнес өкілдері тарапынан келіп-түскен 2000-нан астам өтінішті шешудеміз. Елбасының Жарлығымен іске асқан мораторидің де пайдасын көріп отырмыз. Қазір кәсіпкерлерді тексеру біршама азайды.
 
Мұратқа жету үшін талап қылмақ керек, әрине. Сондықтан, палата өкілдері алда бес бағытқа басымдық бермек. Біріншісі - «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасын іске асыру, екіншісі - ауыл шаруашылығын дамыту, үшіншіден, шағын және орта бизнестегі тірліктің тінін тарқату, төртіншіден, адами капиталды арттыру, ал соңғысы - заңнамаларды тексеру мен сараптамалық жұмыстарды жетілдіру.
 
Алғашқы съезде айқындалған міндеттер - осы. Тек оны орындау - отандық бизнесмендер үшін ортақ іс.
 
Әлбетте, ең алдымен олар кәсіпкерлерге бағытталған 8 бағдарламаны біріктіріп, жыл соңына дейін серпінді бір ғана жобаны жүргізбек.  Бұл тәжірибе Түркия елінде жемісін берген. 
 
Абылай Мырзахметов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы:
Кәсіпкерлікті қолдайтын бір ғана бағдарлама болады. Оның операторы Ұлттық палата болып бекітіледі. Сондықтан, жылдың басынан бастап, әсіресе, аудан орталығында офисті бізге де береді. Сол офисте  қызмет көрсететін институттың бәрі бір жерге шоғырланады. Ол біздің басқаруымызда болады.
 
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы - отандық бизнестің жанашыры», деген жаңа ұғым пайда болды.
 
Ақиқаты сол, ел экономикасының әлеуетін арттыруға бағытталған бұл ұйымның жарты жылдың ішінде бітірген шаруасы бір бөлек, ал, одан күтер іс те көп.
 
Өйткені, палата институционалды құрылым ретінде енді қалыптасып келеді.
 
Әлия Бекқожиева, Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы:
Азғантай уақыттың ішінде баға беру мүмкін емес. Дегенмен де, біраз жұмыс атқарылғаны көрініп тұр. Кешегі Еуразиялық экономикалық одақтың құжаттарын дайындауға атсалысуы, кәсіпкерлердің жоғын жоқтау, мүддесін қорғау тек қана Үкімет алдында емес, жалпы, кәсіпкерлікті сапалы деңгейде дамытуға атсалысу, деп есептеймін.
 
Съезде қабылданған басты шешім - палатаның 2017 жылға дейінгі қалыптасу және даму стратегиясының бекітілуі.
 
Себебі, Тимур Құлыбаевтың айтуынша, кәсіпкерлерге жағдай жасау арқылы елдегі бизнестің сапалы дамуын қамтамасыз ету - Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдағы міндеті.
 
Ал, жиын соңында палатаның төралқа және басқармасының жаңа мүшелері сайланды.
 
АлматӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу