Ми-8 тікұшағы апатының себептері болжанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ми-8 тікұшағы апатының себептері болжанды

01.04.2019

Ми-8 тікұшағы апатының себептері болжанды. Еліміздің әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосановтың айтуынша, техниканың істен шығуы, адами фактор және ауа райының қолайсыздығы сынды негізгі үш нұсқа тексеріліп жатыр. Қара жәшікті зерттеп болған соң тоқетерін комиссия жеткізеді. Апат куәгерлерінің бірі тікұшақ дәл төбесінен ұшқанын айтып, көрген-білгенімен бөлісіпті. Сол жердегі шаруа қожалығына зардап келмес үшін Ми-8-дің экипажы тікұшақты басқа жаққа бұрып әкеткен көрінеді.

Авиация генерал-майоры бұл әрекетті «ұшқыштардың ерлігі» деп бағалап отыр. Апатқа ұшыраған әуе көлігі 1988 жылы құрастырылған. 2014 жылы Алматының №405 авиажөндеу зауытында толық жөндеуден өткен. Зауыттан шыққан соң бұл тікұшаққа 2000 сағатқа дейін ұшу ресурсы берілген екен. Ал, апатқа дейін ол әуеде 773 сағат ұшқан. 

Дәурен Қосанов, ҚР Қарулы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы:

Тікұшақ ескі деп санау дұрыс емес. Мерзімі 2022 жылға дейін. 2022 жылдан кейін оның сапасын қарастырып, қайтадан зауытқа жібереміз немесе жоспар бойынша басқа тікұшақтарды сатып аламыз. Қазір бізде 15 Ми-8 тікұшағы бар.

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында Ми-8 тікұшақ апатынан 13 бірдей сарбазымыз көз жұмған еді. Олардың 9-ы жер қойнына тапсырылды. Қалған төртеуіне бүгінге дейін елордада гендік сараптама жүргізілген-ді. Енді олардың мүрделері туған жерлеріне жеткізіліп, жаназасы шығарылады. Ал, қаза тапқан әскерилердің отбасыларына бір жолғы өтемақы беріледі. Заңға сәйкес, оның көлемі - қызметшінің 5 жылдық жұмысы бойынша жалақысы. Сондай-ақ, отбасыларға қызметтік баспананы қайтарымсыз заңдастыру мүмкіндігі беріледі.

 

Альбина ӘШІМ  

Хабарламаларға жазылу