Қордағы көкөніске сұраныс төмен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қордағы көкөніске сұраныс төмен

02.04.2019

Қыс бойы арзан бағамен сату үшін қоймаға жиналған көкөністерге сұраныс жоқ. Күзден бері Шығыс Қазақстанда тұрақтандыру қорына салынған өнімнің тек 22 пайызы сатылыпты. Өскемен мен Семейде қыс бойы картоп, сәбіз бен пияздың келісі 65 теңге болғанымен, сауда жүрмеді. Жалпы, тұрақтандыру қоры бағаның жөн-жосықсыз қымбаттауына жол бермеуге бағытталған. Бірақ бірнеше жылдан бері қолданылып жүрген бұл әдіс биыл бәске шыдамады. Енді қоймадағы мыңдаған тонна көкөніс шіріп кетудің аз алдында тұр.

Тұрақтандыру қорының өнімін жиі сатып алатын өскемендік зейнеткердің бірі – Бақти Сақышева. Бірақ осы қыста қария әлеуметтік дүкендерге көп бармапты. «Өйткені нарық бағасымен салыстырғанда, айырмашылық аз болды»,-дейді.

Өскемен мен Семей тұрғындары үшін тұрақтандыру қорына өткен күзде 7,5 мың тонна көкөніс жиналған. Әлеуметтік дүкендерде қараша айынан бастап картоп, қырыққабат, сәбіз және пияздың 1 келісі 65 теңгеден сатыла бастады. Бірақ қыс бойы көтерме базарда көкөністердің бағасы кейде бұдан да арзандап кетті.

Тұрақтандыру қорына жиналған қырыққабат қана тез сатылып кеткен. Ал, картоп, сарымсақ және сәбізге сұраныс төмен. Енді қоймадағы өнім жазға дейін толық сатылмаса, шіріп кетуі мүмкін.

Тұрақтандыру қорының өнімі екі қалада әдетте мамыр айының ортасына дейін сатылады. Жергілікті биліктің айтуынша, әлеуметтік бағамен ұсынылатын көкөніске сұраныс көктемде арта түсуі керек. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорына осы жылдың соңына дейін 1 келісін 235 теңгеден сату үшін 680 тонна қант алынған. Осы уақытқа дейін 40 тоннасы ғана сатылыпты. Мамандардың айтуынша, тәтті тауардың саудасы жаз ортасында қыза түседі, сондықтан олар қантқа қатты алаңдамай отыр.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу