Қоғамдық көліктердің қауіпсіздігі сынға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғамдық көліктердің қауіпсіздігі сынға алынды

02.04.2019

Қоғамдық көліктердегі қауіпсіздікті арттыруға қатысты түрлі пікірлер әлі де көптеп айтылуда. Әсіресе, ол жақында Астанада 2 адам қаза тауып, 30-ға тарта кісі жарақат алған автобус апатынан соң ол әңгіме қыза түсті. Айтылып жатқан ұсыныстардың ішінде «автобус жүргізушілердің жүктемесін азайту керек, кондукторларды қайтару қажет» деген пікірлер көп.

Бұл оқиға былтыр Қытайдың Чунцин қаласында болды. Жол үстінде жанжал шығарған жолаушы жүргізушінің жағасынан алады. Көпір үстінде келе жатқан авобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып, ақырында биіктігі 50 метр болатын көпірден құлады. Өкініштісі, 13 адам қайтыс болды. Осы қайғылы оқиғадан кейін Қытайдың көлік министрлігі қоғамдық көліктердегі қауіпсіздікті күшейтуге кірісті. Атап айтқанда, жүргізушінің салон ішіндегі орны нақтыланды. Жүргізушіні алаңдатқан адамдар жазаға тартылады, апатты жағдайда шығу орындары қолайлы етілді. Біздің елде де қоғамдық көлік жүргізушілерін жол үстінде алаңдатуға тыйым салынған. «Алайда, көп жағдайда мұндай тәртіп сақтала бермейді»,-дейді «Астана LRT» ЖШС қызметкерлері.

Науат Азанбаева, «Astana LRT» ЖШС баспасөз хатшысы:

- Қазір алаңдаушылық бар. Неге? Өйткені жолаушылар осы ережеге бағынғысы келмейді.

Бұрынғы кондуктор, бүгінгі бақылаушы. Әлібек Нұрғожин әдеттегідей тексеріске шықты. Картаның басылуын, билеттің болуын қадағалайды. Оның ойынша, жолаушылар мен жүргізушінің арасында түсініспеушілік көп.

Қоғамдық көлік ішіндегі дау-дамайлар бізде де жиі болып тұратыны жасырын емес. Әсіресе, кондукторлардың қызметі тоқтағалы бері жолаушылар жүргізушілерге жиі шағымданып жүр. «Сондықтан жолақысын жинайтын және азаматтардың сұрақтарына жауап беріп жүретін кондукторлар қайта оралсын», деген пікір айтылуда. Жолаушылардың ойынша автобус жүргізушісінің жүктемесі көп, әмбебап мамандыққа айналып кеткен.

Бақдәулет Әлібек - 303 бағыттағы автобустың жүргізушісі. Қабанбай батыр даңғылында болған жантүршігерлік апаттың куәгері. Соқтығысқан автобустың қарсып қалған есігін сындырып ішінен 30 адамды сыртқа шығарып үлгерген. Қоғамдық көліктің тізгінін ұстағанына 5 жыл болыпты. Айтуынша, жүргізушілерді алаңдататын жайттер аз емес. Сондықтан кейбір қоғамдық көлік жүргізушілерінің жүктемесін азайтқан дұрыс дейді.

Кондукторлар енді қайтып оралмайды. «Астана LRT» компаниясының нақты ұстанымы осындай. Жүргізушілердің айтарлықтай жүктемесі жоқ және олардың негізгі міндеті рөлге ие болу, жолға қарау. Төлемдердің жүзеге асырылуын бақыламайды. Автобус парктері де кондуктор керек емес деген ұстанымда. Электрондық төлем енгелі бері табыстары екі есеге өскен. 3 автобус паркінің директоры Бауыржан Тілеубергеновтің айтуынша, автобус жүргізушілеріне деген талап күшейіпті. Сәйкесінше, қоғамдық көліктердегі қауіпсіздік те артып келеді.

Күн сайын қала көшелеріне шамамен мыңға жуық автобус шығады. Сараланған тариф енгелі бері жолаушылардың 96 пайызы электронды төлем тәртібіне көшкен. Қалған 4 пайызы ғана ақылы есеп айырысуда. «Яғни, кондукторларға ешқандай қажеттілік жоқ»,- деді автопарк басшылары. Ал, жолаушылардың көтеріп жатқан мәселесі мен сұрақтары ашық күйінде қалып тұр.

Ербол МӘНДІБЕК

 

Хабарламаларға жазылу