Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында тек өткен жылдың өзінде 2451 ірі қара сарп індетіне шалдыққан. Талап бойынша мұндай малды етке өткізу тиіс. Осылай істелген де. Алайда, бірқатар шаруалар сатқан малдарының ақысын ала алмай жүр.
Бір жыл бұрын «Семей ет комбинаты» ауылдықтардың ауруға шалдыққан ірі қараларын сатып алған. Келісім шарт бойынша белгілеген уақыт ішінде, тиісті қаржыны төлеуі керек болған. Алайда, уәде орындалмады. Ал төрт түлікпен ғана күнелтіп отырған шаруалар не мал, не ақша жоқ сан соғып қалған.
Жанат Қадыров - Тарбағатайдағы Екпін ауылының тұрғыны. Жұмыссыз. Бала-шағасын қорадағы азын-аулақ малымен асырап келген. Өткен жылдан бастап күн көрісі қиындады. Өйткені, «сарп дертіне шалдықты», деп диагноз қойылған соң, сиырларын Семейдің ет комбинатына сатуға мәжбүр болған.
Жанат Қадыров, Екпін ауылының тұрғыны:
Былтыр сәуірдің 30-нан екі ай тосыңдар деген. Бруцеллездың ақшасын аударып береміз деп. Екі ай тостық. Екі айдан соң, алты ай тосыңдар, деді. Енді міне, одан бері алты ай өтіп барады, бір жыл болды міне. Малымыздың ақшасы жоқ.
Сатқан малының ақшасын ала алмай жүрген шаруалар жетерлік. Семейдегі ет комбинаты құны 8,5 млн теңге болатын ірі қараны тиеп әкеткен. Бірақ, сол берешегін бермей жүр.
Сейсенғазы Құсайынов, Екпін ауылының тұрғыны:
Мен 5 бас мал өткізгенмін. 400 мыңдай ақшасы шығуы керек болатын. Содан хабарласып едік, басшысы ауысып кетті деді. Артынан тағы бір басшы келді деді. Сол төлейді деді. Содан бері ешқандай ақшаны ала алмай жүрміз.
Аудан басшылары шаруалардың осындай мәселеге тап болғанын біліп отыр. Алайда, малды сатып алған серіктестікке пәрменіміз жүрмейді дейді.
Серікбек Қонысбаев, Тарбағатай ауданы ветеринария бөлімінің басшысы:
Хат жазылған. Мен өзім жеке барып қабылдауларында болдым. Ол кісілер қазіргі басшылықтың ауысып жатуына байланысты және өздерінің қаржылық жағдайының тұрақсыздығын айтып, бізден уақыт сұраған. Жылдың аяғына дейін есептесеміз толықтай деп.
Уәделерін орындамай, қарапайым шаруаларды сан соқтырып кеткен «Семей ет комбинаты» басшылығы болса, қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Тарбағатай әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, серіктестік қарызға белшеден батып, банкроттың аз-ақ алдында тұрған көрінеді. Енді ақ адал еңбектерінің өтеуін алу үшін, шаруалар комбинатты сотқа беруден басқа амал қалмай.
Ержан ЖАҚЫП