Биыл елімізге 600 мыңдай еңбек мигранты келуі тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл елімізге 600 мыңдай еңбек мигранты келуі тиіс

03.04.2019

Биыл елімізге 600 мыңдай еңбек мигранты келуі тиіс. Ішкі істер министрлігінің болжамы осындай. Жалпы, жыл сайын Қазақстанға жұмыс іздеп келетін шетелдіктер саны артып барады. Көбіне-көп Өзбекстан, Тәжікстан және Әзірбайжан азаматтары келеді.

Ал Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің өкілдері еңбек патентінен босатылған. Былтыр бізге еңбек етуге 551 мың шетел азаматы келіп, мемлекет қазынасына 6 млрд. теңгеден астам салық түскен екен.

Әсіресе, мигранттар көктем-жаз айларында елімізге ағыла бастайды. Сондықтан, көші-қон қызметіндегі жұмысты реттеп, шетелдіктердің шекарадан заңсыз өтіп кетуін болдырмау үшін тәртіп сақшылары жұмыстарын күшейтіп жатыр.

Бұған бір жыл бұрын ашылған Көші-қон қызметтері орталықтары сеп болып отыр. Тек қана миграция мәселесін шешетін мекеменің басты жетістігі – құжаттарды қабылдап, әзірлеу мерзімі едәуір қысқарған. Қазір 14 қалада осындай орталық жұмыс істейді. Жарты жылда тағы 3 облыста ашылуы тиіс

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу