Павлодардан Баянауылға баратын тасжол уақытша жабылды. Себебі республикалық маңыздағы Қалқаман - Баянауыл - Үміткер - Ульяновский бағытының 101 шақырымындағы Бірлік ауылының тұсын су басып кетті. Тасқынның екпінінен ағынды жыра пайда болып, асфальтті қақ ортадан қиып жіберген.
Дерекке қарағанда, өткен жылы және оның алдынғы жылы да дәл осы тұстан жолды су шайып, бұл жерде күрделі жөндеу жасалған. Қазір апатты аумаққа Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті әкімдік иелігіндегі ауыр техника жұмылдырылды. Елді мекендер топан судан әзірге аман. Бірақ тау мен қырдағы қар күрт еріп жатқандықтан, судың деңгейі төмендемей тұр.
Асқарбек Омаров, Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:
- Қазіргі уақытта тасжол жабық. Баянауылға Қарағанды және Май ауданы арқылы баруға болады.
Болат АМАНБАЕВ