Мал төлдету науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мал төлдету науқаны басталды

04.04.2019

Алматы облысында мал төлдету науқаны қарқын алды. Жетісулық шопандар жыл бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесін осы кезеңде бағамдайды. Биылғы науқанға өңір малшылары 1 млн 600 мың саулықпен кірді. Олардың 40 пайыздан астамы төлдеді.

Бұл - өткен түнде төлдеген қозылар. Сақманшылар қазір есептен жаңылмау үшін бүйірлерін санмен белгілеп жатыр. «Бақыт-Қаратал» серіктестігі биылғы науқанға 3 мыңнан астам саулық ұрықтандырды. Олардың 30 пайызға жуығы қоздады. Нағыз қарбалас сәт енді басталды.

Шаруашылық басшысы жас болса да алдына биік мақсаттар қойып отыр. Ғалымдармен тығыз байланыс орнатып биязы жүнді ақ қойдың Қаратал типін шығарды. Енді мал басын көбейтіп, жүн мен етті экспорттауға ниетті.

Серікжан Жексенбиев, серіктестік директоры:

- Жеріміз бай. Егістік алқаптарымыз қаншама? Игерілмеген жайылымдық жерлеріміз көп. Соны игеруіміз керек. Мал басын көбейтуіміз керек. Оны көбейткеннен кейін, асылдандыруымыз керек.

Жастар жылына орай серіктестіктің бір бригадасы толықтай жастардан құралды. Аға шопаннан бастап, көмекші, сақманшылардың бәрі жиырманың ішіндегі жігерлі жігіттер. Мақсаттары - ата кәсіпті жаңғыртып, ауылды түлету.

Қазір жас бригаданың отарында 820 саулық бар. Сақманшылар жайылымда туып қалған қозыларды жинап, абыр-сабыр болуда.

Сақманшы болу да оңай шаруа емес. Бірнеше кәсіпті қатар меңгеру керексіз. Біріншіден, түн ұйқыңды төрт бөліп, қарауылдап күзетші боласың. Екіншіден, жас туған төлді ауыртып алмау үшін малдәрігерлік қағидаттарды да білуің керек. Сондай-ақ, жаңа туған қозыларды бағудың өзі де - балабақшадағы тәрбиеші сияқты үлкен өнер.

Ал, ең жауапты міндет - қой қоздаған кезде төлді аман алып қалу.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу