Қарағандыда 200-ге жуық отбасы екі жылдан бері пәтерлерін ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда 200-ге жуық отбасы екі жылдан бері пәтерлерін ала алмай жүр

05.04.2019

Қарағандыда 200 жуық отбасы екі жылдан бері пәтерлерін ала алмай жүр. Олар жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйге 2017 жылы кіруі керек еді. Алайда, мердігерлік компания жауапсыздық танытып, құрылыс орта жолда тоқтап қалған.

Жергілікті биліктің компаниямен соттасып жатқанына жылдан асты. Құрылысты жалғастыру үшін басқа фирмалардың көмегіне жүгінуге тура келген. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы наразы тұрғындардың базынасын тыңдап көрді.

Жаңа тұрғын үй кешеніне қаржы салғандардың бірі - Анар Кішкентаева.  Бір бөлмелі пәтер үшін бар тапқан-таянғанын берген. Құжат бойынша барлығы дұрыс болғанымен, әлі күнге дейін пәтеріне кіре алмай жүр. Себебі құрылыс кешігуде.

Анар Кішкентаева, қала тұрғыны:

Банк біздің кінәміз жоқ деп акиматқа жібереді. Әкімдік болса сіз салымшысыз банктен барып біліңіз, олар конкурсты бізсіз жариялаған дейді. Мен олардың арасында қайта-қайта жұмыстан сұранып жүгіріп жүрмін. Пәтер жалдаймыз. Жалақым 100 мың теңге болса, соның 60 мың теңгесіне пәтер жалдаймын.

Дәл осы тұрғын үй кешенінің бұған дейін үш кіреберісі ғана тапсырылған. Қалған екеуіндегі  пәтерлеріне қоныстана алмай жүрген 200-ге жуық жан бар.

Сәуле Зикрина, қала тұрғыны:

Осы үйдің кезегінде 2011 жылдан бері тұрамын. Мүгедек балам бар. Енемнің үйінде тұрдым. Балалар үлкен. Пәтер жалдауға тура келді. Әрі мүгедек бала болған соң жағдай белгілі ғой.

Баспаналы болам деп бастарынан дау арылмаған жұрт әкімдік пен тиісті орындардың барлығының табалдырығын тоздырған. Жергілікті билік болса іс сотта қаралып жатыр, ал құрылысқа басқа мердігер бекітілмеген деп отыр. 

Рәшит Төлебаев, қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Біз қаладағы басқа мердігерлік компанияларға тұрғын үй құрылысын аяқтап беру туралы өтініш жасадық. Бірқатары қолдау көрсетті. Олар құрылыс материалдарын, жұмыс күшін беріп көмектесті. Былайша айтқанда, ол компаниялар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолдау жасап отыр. Ал жауапсыз компания сот алдында жауап береді.

Сәуір айының соңына дейін құрылысы бітпеген екі кіреберістің бірін тапсырамыз ,-дейді мамандар. Ал қалған пәтерлер келесі жылдың  соңында ғана берілуі мүмкін. Тағаты таусылған тұрғындар енді мердігерсіз салынатын үйдің сапасына күмәнмен қарайды. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ 

Хабарламаларға жазылу