Ерлік - сын сағатта сыналады. Өзгенің өмірі үшін өз ғұмырын қиған полиция қызметкері - атыраулық Шалқар Ақымғалиев мемлекеттік наградаға ұсынылды. Өңірдегі тілшіміз Жандос Темірғали бейбіт күннің батыры болған Шалқардың анасымен сұхбаттасып келді.
Ұлын сағынып жүрегі қанжылаған ана үшін, перзентінің батыр боп өмірден өткені көңілге медеу. Шалқар көпбалалы жанұяда өмірге келген. Ол отбасының жалғыз асыраушысы еді.
Ләззат Мұқанова, Ш.Ақымғалиевтің анасы:
- Шалқар жаман атақ келтірген жоқ. Бәрінен жақсы дегенді естіп өскен балам ғой. Арманы әскери болу еді. Мамандығына түсті, өз еңбегімен жүріп. Шалқар жалғыз менің ұлым емес, елдің ұлы екен.
Шалқар Көшкінбайұлы санаулы өмірінің 5 жылын құқық қорғау саласына арнады. Қызметіне адал болған азамат көзсіз ерлік танытып, тарихта қалды.
Ләззат Бахитова, «Береке» орта мектебінің директоры:
- Мектепте оқыған кезінде алғырлығымен көзге түсті. Жаратылыстану бағытындағы пәндерге аса қызығушылық таныта білді. Болашағынан үлкен үміт күткен шәкірттеріміздің бірі болды.
Батыр ұланның артында қалған отбасы демеу болған ел-жұртқа алғыс білдіреді. Бүгінде арнайы ашылған есепшотқа қыруар қаржы жиналды. Сонымен қатар, анасы мен бауырлары Ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қорының қамқорлығына алынды.
Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ кеңесшісі және ресми өкілі:
- Ішкі істер министрлігі орталық аппаратымен, бүкіл өңірлік полиция департаменттері, қылмыстық атқару жүйесі, құтқару қызметі, Ұлттық Ұлан жауынгерлері Шалқардың отабасына материалдық қызмет көрсетуде. Арнайы ашылған есепшотқа қызметкерлер ерікті түрде бүгінге дейін 29 млн теңгеден астам қаржы аударды.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері 2264 полицей қызмет барысында қаза тапты. Бейбіт күннің батырлары ел жадында.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ