Әсіресе, билет кассасы алдындағы кезек. Автотұрақ төңірегі де былыққа толы. Мұндай кемшіліктерді «Адалдық алаңы» сарапшылар кеңесінің мүшелері анықтады. Вокзалда электронды кезектің дұрыс жұмыс істемейтіні белгілі болды. Себебі билет алуға келген тұрғындар сағаттап күтетіндіктерін айтты. Сондай-ақ, билет алғаны үшін комиссия ұстайтын жеке кассаға арнайы белгі қойылмаған.
Арман Мұхамбетов, қала тұрғыны:
- 40 минут болды. Тағы қанша отыратынымызды Құдай білсін. Үлкен кісілер отыр. Уақыттары өтіп кетіп жатыр. Билеттерді көрсететін адам жоқ мына жерде.
Мекеме басшылығы бұл олқылықтарды тез арада дұрыстауға уәде берді. Кемшіліктер вокзал алаңындағы автотұрақта да жетерлік. Бұл жерге кірген көліктердің 15 минутқа дейін тегін тұруға мүмкіндігі бола тұра, қызметкерлер бірер минут өтпестен ақша сұрайтыны белгілі болды. Сондай-ақ, арнайы рұқсаты жоқ такси жүргізушілері жиі анықталып, оларға айыппұл салынады. Тек өткен аптада сондай жеті тұрғын жауапкершілікке тартылған.
Жақсыбек КЕМАЛ