Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен мұнай қалдықтары анықталды. Маңғыстаудағы Баутино ауылының жағалауында 2 шаршы метр аумағы ластанған. Облыстық экология департаментінің мамандары ол жерді қоршауға алып, жайылуына бөгет жасады. Жағалауда жүрген тұрғындар бұл жағдайды түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеген. Қазір экология департаментінің мамандары аумақтың кімге тиесілі екенін және қандай экологиялық зардабы бар екенін тексеруде
Руслан Төкенов, облыстық Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
Каспий аумағында жағадағы батып кеткен кемені көтеру кезінде мұнай өнімдерінің аз ғана төгілгені туралы хабарлама түсті. Сондықтан, экологиялық бақылау мемлекеттік инспекторларымен лаборатория мамандары бірлесіп, аталған оқиға орнына барып қайтты. Тиісті сынамалар алынды. Кінәлі тұлғаларды анықтаудамыз және соған сәйкес жоспардан тыс тексеріс ашу көзделуде.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ