Халықтан тіркелмеген қару-жарақты, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу үшін биыл Шығыс Қазақстан облысына бюджеттен 10 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Өз еркімен құқық қорғау органдарына заңсыз қаруды тапсырған азаматтарға ақшалай сыйақы беріледі.
Акцияның алғашқы екі күнінде тек Өскемен қаласының тұрғындары полицияға 10-ға жуық мылтық және бірнеше тапанша тапсырды. Қарудың түрі мен техникалық жағдайына байланысты иелеріне 10-нан 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін ақшалай сыйақы төленеді. Полицейлердің хабарлауынша, егер адамның оларға келу мүмкіндігі болмаса, құжаты жоқ қаруды үйге келіп қабылдап алу мүмкіндігі де қарастырылған. Акцияның негізгі мақсаты - заңсыз қару-жарақтың қолданылуымен жасалатын қылмыстардың алдын алу.
Айдар Мәженов, Өскемен қалалық Полиция басқармасының инспекторы:
- Бір қару алынды, тегіс ұңғылы Мосин мылтығы, 1928 жылы шығарылған. Сондай ескі қаруды әкеліп тапсырды. Әкеліп тапсырған азаматтар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтындығын ескертеміз.
Берік КӨШЕРБАЙ