Тұрмыстық қалдық – кәдеге жарата білгенге байлық. Материалдық тұрғыдан ғана емес емес, денсаулық үшін де солай. Қарағандылық студент қатты қалдықты жұмсақ жиһазға айналдырды. Ал, экожобалар жарысына қатысқан басқа жастар полиэтилен пакеттен, картридж бояуынан және жарнамалық баннерден түрлі өнім дайындап әкелген.
Денсаулықты күтудің қауіпсіз әрі қолжетімді жолы – қалдықтарды кәдеге жарату. Көпшілік оған экофестивальде куә болды. Болашақ хирург Тимур мен достары пластик бөтелке мен қораптан ортопедиялық жиһаз жасап шығарған. Дайындау әдісі қарапайым, шығыны да аз. Бірақ адам омыртқасына пайдасы зор.
Тимур Корбейников, Қарағанды медициналық университетінің студенті:
- Осыны қымбат зауытта да жасауға болады. Ағаштан, латекстен. Бірақ біз қымбат емес, арзан материалдардан - картон, пластиктен жасадық.
Ал, бойжеткендер жарнамалық баннерлерді пайдаға асырған. Түрлі көлемдегі қол және жол сөмке тіктіреді. Әзірге әзірлеген дүниелерін тек үлестіріп жүр. Осылайша жастар әуелі тауардың сәні мен сапасына көз жеткізгісі келеді.
Айдана Қасанова, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:
- Онкологиялық аурулар осындай баннер секілді ПВХ материалдарды өртеуінен болып жатыр. Жарнамалық агенттіктермен келісімшартқа отырдық. Олар бізге баннер беріп тұратын болды.
Бүгінде әлем елдері үшін тұрмыстық қалдық – байлық. Өртесін, өңдесін әйтеуір экологиясын жақсартады, экономикасына да көп үнем. Ал, бізде жылда 60 млрд теңге жерге көміліп жатыр. Өйткені қоқыс өңделмейді. Экологтар бүгінге дейін жиналған түрлі қалдық 50 млрд тоннаға жеткенін айтады. Дегенмен, Үкімет әрекетсіз емес. «Жасыл» экономика тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылы қалдықтарды өңдеу үлесі 40 пайызға артатынын айтады. Есесіне жастар белсенді, тек қолдау күтеді.
Жастардың экожобалары қарапайым, бірақ қоршаған орта үшін аса қажет. Байқауға төрелік еткендердің пікірі осындай. Ал, жүлде қоры - 3 млн теңге.
Нысаналы ЫҒЫЛ