ШҚО-да жалған құжатпен жәрдемақы алып келген аналарға қатысты қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да жалған құжатпен жәрдемақы алып келген аналарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

16.04.2019

Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданында жалған құжат жасап алтын, «Күміс алқа» иеленіп, мемлекеттен жәрдемақы алып келген аналар анықталды. Қазір Науалы ауылында 8 әйел тергелуде. Қылмыстық іс қозғалған. Заң органдары аудандағы өзге ауылдарды да тексеріп жатыр. 

Жымысқы жолмен жәрдемақы алып келген әйелдерді алдымен ауылдастары аңғарған. Екі баласына бола батыр ана атанғандарды көріп, аң-таң болған. Балаларға берілетін жәрдемақы үшін құшақ-құшақ құжат жинап, табанынан таусылып жүрген ағайын жергілікті әкімшілікке шағымданған.

Бақытжан Өтепбегенова, Науалы ауылының тұрғыны:

- Көпке топырақ шашып тұрған жоқпын. «Бірдің кесірі мыңға тиеді» деген осы. 

Гүзлипа Түсіпова, Науалы ауылының тұрғыны:

- Бір баласы барлар жәрдемақы алып жатыр. Бұл ұят қой. 

Тұрғындардың шағымынан кейін ауыл әкімдігі тексеріс жүргізген. Осылайша Науалыдағы 8 адам балаларының туу туралы куәліктерін қолдан жасатқан болып шықты. «Алғаш құжаттарды қабылдаған кезде оның жалған екендігін білу мүмкін болмады»,-дейді ауыл әкімі.

Ұлан Сәрсенбаев, Науалы ауылдық округінің әкімі:

- Нақты балалары осы ауылда. Жетіспеген балаларына жалған құжат жасатып, Қытай Халық Республикасында тұрып жатыр деп, сондай мәлімет беріп отырған. Іс қозғалды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметіне хат жолданды. 5 адамға іс қозғалды. Жалған құжат жасағандарын мойындап отыр.

2 баласы бола тұра, тағы 4 балаға туу туралы куәлік жасатып, жәрдемақы алып келген күдіктінің үйіне мән-жайды білу үшін арнайы бардық.

Сәуле Үмітқан, Науалы ауылының тұрғыны: 

- Жасатқан жоқпын. Өтірік. Маған жала жауып отыр. Жалған емес. Барып Қытайдан тексеріп келсін.

Ал, мына келіншек өзімен бірге тұрып жатқан екі баласына, күйеуінің бірінші әйелінің Қытайдағы балаларын қосып жаздырып алған. «Күміс алқа» иеленген. Бір жарым жылдан астам уақыт мемлекеттен жәрдемақы алып келген. «Тек мұның бәрі заңсыз екенін білмедім», - деп ақталады.

Қазір тергеудегі 8 адамның 5-еуінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Құжатты жасап жүрген 2 адам қамауға алынды. Олар да Үржар ауданының тұрғындары болып шықты. Заң органдары Науалыдан өзге Үржардың барлық ауылдарын тексеріп жатыр. 

Әлия Сарбаева, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

- Ауданға тергеушілер келіп, өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Қазақстан заңдары бойынша, азаматтың өзге елде тұратын балалары болса да, олар да есепке алынып, жәрдемақы төленеді. Өтірік куәлік жасағандар заңның осы тұсын өз пайдаларына жаратпақ болған. Алайда, заңсыздық әшкере болды. «Жалған құжатпен жергілікті әкімдікті алдап, жәрдемақы алып келгендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін»,-дейді мамандар.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу