«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тағы бірнеше жылға дейін жалғасады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясында өткен есептік кездесу барысында айтылды. Мемлекеттік бағдарлама 2015 жылдан бері кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Жиынға қатысқан мамандар бағдарламаның артық-кем тұстарын саралап, жетілдіру тетіктерін талқылады.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының негізгі мақсаты - аймақтық кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу. Жеке шаруа бастаймын деушілерге қаржылай да, құжатпен де қолдау көрсету. Қазір бағдарламаның жүзеге асу барысы тікелей «Nur Otan» партиясының бақылауында
Мәулен Әшімбаев, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Көп салалардың дамуы, көп салалардағы үрдістер кәсіпкерлікті дамытуға тікелей байланысты екені белгілі. Бұл салада Елбасының тапсырмасымен соңғы жылдары қыруар жұмыстар жасалғаны да белгілі. Дегенмен әлі шешілмеген мәселелер бар екені жасырын емес.
Мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі кедергілер мен несие үлестірудегі проблемалар. Әсіресе, екінші деңгейлегі банктер бизнес өкілдері үшін қолжетімді емес. Шешімін таппай отырған мәселелер осындай. Дегенмен, Ұлттық экономика министрі бағдарламаның жұмыс ауқымы кеңейсе, бұл жағдай да жақсаратынын айтты.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- 4 жыл ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында Республика бюджетінен 210 миллиард теңге бөлінген. Бұдан бөлек жергілікті қазынадан қарастырылған қаржы да бар. Бұл ақшаға 13 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі қаржыландырылған. Жыл сайын 20 мың кәсіпкер оқудан өтіп, 10 мың жаңадан жұмыс орны құрылған және 3,3 триллион теңгенің өнімі өндірілген.
Бағдарлама бойынша бөлінген қаржы жыл сайын 100 пайыз игеріледі. Яғни, кәсіпкерлер тарапынан сұраныс жоғары. Осыны ескерген билік өкілдері қазір Қарапайым заттар экономикасы бойынша айналым қаражатына несие беру үлесін 30-дан 50 пайызға дейін арттыруды және қаржыландыруды көбейтуді ұсынып отыр. Яғни, қарапайым халық үшін бағдарламаның тиімділігі тіпті артатын болды.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ