Қызылорда облысы Арал ауданының 7 елді мекеніне таза су жеткізілді. 60 жыл бойы құдықтың ащы суын ішкен тұрғындар үшін, бұл үлкен жаңалық. Жалпы, аудан халқының 95 пайызы, яғни 68 мың халық орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.
Шижаға елдімекенінің тұрғыны Совет ақсақал осыған дейін бір шелек судың өзін сатып алып ішті. Ал қазір, есіктің алдында сарылдап ағып тұр. Су келді, тіршілік жанданды. Ағаш егіп, айналаны көгертті.
Совет Махатов, Шижаға елді мекенінің тұрғыны:
Бұрын ауылға су таситын көлікпен тасылатын еді. Оның әр рейсі 1 мың теңгеден болатын еді. Қазір айына 3-4 су таситын көлік пайдаланамыз. Қазіргі уақытта сол 600-500 теңге су, арзандап жатыр.
Шижағаға 43 шақырым су құбыры тартылды. Күні-түні суды үздіксіз пайдалануға болады. Оны Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры қамтамасыз етеді. 1993 жылдан бастап Толағай жер асты су қоры игерілуде. 30 ұңғыма бар.
Ислам Қапаров Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры оңтүстік бөлімшесінің басшысы:
Халықаралық стандартпен сәйкестендірілген сол суды осы екі ауданға беріп отыр. Магистральды су құбыры 733 шақырымды құрайды. Ал ауылішілік су құбырлары , қала, ауыл ішілік 833 шақырымды құрайды.
Бірақ, Аралда әлі күнге дейін тасымал су ішіп отырған елді мекендер бар. Ендігі кезекте солардың мәселесі шешіледі. Биыл 4 ауылға құбыр тарту жоспарланып отыр.
Мерей Мейірбеков, Арал ауданы әкімінің орынбасары:
Бұл Ақбасты, Абай, Тоқабай, Шөміш елді мекендерінің ауыз сумен қамту жобалары 7 миллиард теңге қаражатқа ұсынылып отыр.
Аралдағы 50 елді мекеннің 40-ы қазір таза су ішіп отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде су әрбір үйге кіргізіліп, есептегіш құрал орнатылған.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ