Алматыда Қазақстан мен Орта Азияның танымал саяхатшылары бас қосты. Олар «Almaty Travel Fest» форумына қатысып жатыр. Отандық туризмді дамытуға арналған дәстүрлі шара биыл 3-ші рет ұйымдастырылды.
Алқалы жиында жан-жақтан келген туристер әлемнің көрікті жерлеріне жасаған сапарлары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, туристер саяхатты жаны сүйетін адамдарға ел аралаудың тиімді жолдарын көрсетті.
Форумда әлемнің кем дегенде 50-60 мемлекетін аралап көрген әйгілі саяхатшылар алған әсерлерін жеткізді. Көпшілік армандап жүрген көрікті мекендерге қалай сапарлаудың сырын айтты. Мысалы, Бішкектен келген Азамат Акматов Қазақстан мен Қырғызстанның тылсым сырға толы талай жерінде болған. Көршілес екі елдің табиғаты өте ұқсас, таңдай қақтыратын тамаша аймағы көп. Бірақ, екеуіне де ортақ қиындық инфрақұрылымның дұрыс жолға қойылмағанды, дейді турист.
Азамат Акматов, саяхатшы /Қырғызстан/:
«Шарын» шатқалы, «Үлкен Алматы» және «Есік» көлдерін көрдім. Бурабайдың сиқырлы қайыңдарының қасында суретке түстім. Олар табиғаттың ғажайып сыйы сияқты. Ертең «Алтын емелге» барамын.
Жазда Маңғыстауға, Үстіртке сапарлағым келеді. Негізі, Қазақстанда көруге болатын көрікті жерлер өте көп, бірақ оларға жету қиын. Ақпарат аз болған соң жолын табу қиын, тапқан күннің өзінде бару қиын.
Жиынның өтуіне «Qazaq geography» қоғамдық бірлестігі атсалысты. Туризмді дамыту үшін құрылған ұйым 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олар осы уақытқа дейін еліміздегі тарихи орындарға 16 экспедиция ұйымдастырған. Қазір құрамында түрлі саланың мамандары бар топ өлкетану, тарихи-мәдени мұра, этнография бағытында зерттеулер жүргізіп жүр.
Нұржан Алғашов, «Qazaq geography» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі:
Бастысы, біз жолкөмекшімен картсхема, атластерді жасаймыз. Мысалға саяхатшыларға ең маңызды ақпаратты таратамыз. Былтырғы экспедиция аясында біз Ақжар деген тауға барғанбыз Орталық Қазақстанда.
Сонда сол тау қай жерде орналасқанын ешкім білмеген. Біз соның ЖПС кординаттарын беріп, біздің путеводительдің ішінде шығарғанбыз. Адамдар оны оқып, қарап, инстаграм желісінен, қазір енді баруға болады. Себебі бұрын болған емес.
Қазір әлемде саяхатшылардың саны сәт сайын еселеніп келеді. Бастысы, Қазақ жерінің тұмса табиғаты мен тағылымды тарихы бар өлкелерін көруге асық туристер аз емес. Өйткені, тар қаладан шаршаған Еуропалықтар ұлан-ғайыр Ұлы даланың лайланбаған тұнығына қызығады.
Әлеуметтік желілер арқылы Қазақстанның қайталанбас сұлу табиғаты туралы естіп, көріп, келгісі келетіндер көп. Тек соларға анық әрі жүйелі ақпарат беріп, тиімді жұмыс істеу қажет, - дейді сала мамандары.
Аманкелді СЕЙТХАН