Шаһар басшысы өзінің орынбасары мен бөлім басшысын дер кезінде шара қолданбағаны үшін осылай жазалады. Осы айда облыс орталығында бірінші сұрыпты ұннан жасалған нанның бағасы орташа есеппен 10 процентке өсті. Аймақтағы атқарушы билік кәсіпкерлермен меморандум бекітіп, нан бағасын тұрақтандыру үшін әлеуметтік сауда орындарын көбейтуге кірісті.
Соңғы айдың өзінде Шығыс Қазақстанда бидай 22 пайызға қымбаттаған. Бұл - дүкен сөресіндегі нан бағасына әсер еткен ең бірінші фактор. Бұған дейін бірінші сұрыпты ұннан жасалған бір бөлке нан 80 теңгеден сатылса, қазір 90 теңге болып тұр.
Қуанхан Садықова, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Бір апта бұрын 90-95 теңгеден сатылды. Енді бидай өзімізден шығып жатқанда, арзан болуы тиіс біз сияқты зейнеткерлерге. Жаңа дүкенге кірсем, баға түсіпті, 65-75 теңгеге.
Нан бағасын арзандату үшін атқарушы билік Өскемендегі 9 наубайханамен меморандум бекітіпті. Осы келісім аясында олар бірінші сұрыпты нан бағасын сәл түсіріп, қазір бір бөлкесі 75 теңгеден сатылуда. Мұндай әлеуметтік бағаны әзірге қаладағы 50 дүкеннен ғана көруге болады.
Қымбат Ануарбекова, Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Қала әкімінің тапсырмасымен сауда нүктелерін тағы 50-ге көбейтіп, барлығы 100-ге жеткізу бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Сонымен қатар, наубайханалардың өзінің фирмалық дүкендерінде нан 65-70 теңгеден сатылуда.
Әлеуметтік сауда орындарын ашумен қатар, атқарушы билік наубайханаларды арзан ұнмен қамтамасыз етпек. Қажетті бидайды төмен бағамен азық-түлік келісімшарт корпорациясынан алу көзделген. Бұл үшін ауыл шаурашылығы министрлігіне арнайы хат жазыпты.
Өскеменде соңғы 2 жылда нан бағасы өзгермеген. Ел-жұрт бағаның солай тұрақты болғанын қалайды. Алайда, наубайханалар бидай мен басқа қоспалардың қымбаттағанын алға тартады. Қалалық әкімдік болса нанды әлеуметтік бағамен сататын дүкендерді көбейтіп әлек. Бұл жұмысты дер кезінде бастамағаны үшін тіпті 2-3 қызметкерін тәртіптік жазаға да тартты.
Берік КӨШЕРБАЙ