«Жыл өтпей жатып, қырық жамау жолмен жүру діңкені құртты», - дейді көлік жүргізушілері. Ал, жергілікті билік сапасыз істелген жолға мердігер жауапты деуден әрі аса алмай отыр. Ермек Елберген баяндайды.
Қаланың дәл орталығындағы мына көше бірнеше жыл бұрын жөнделген болатын. Алайда, қазір тасжолдың әбден тоз-тозы шыққан. Ал, қаланың шеткі аудандарында жағдай тіпті мүшкіл. Тұрғындар, әсіресе, жауынды күндері қиналады. Жаяу жүрмек түгілі, көлікпен өтудің өзі мұң.
Уатжан Қабди, қала тұрғыны:
- Көкшетауымыздың жолдарының сапасы сын көтермейді. Биыл істеп, жөндейді жатады. Келесі жылы шұрық-тесік болып жатады.
Болат Жүсіпов, автобус жүргізушісі:
- Жолдар нашар. Жүру мүмкін емес.
Жөнделген жол 1-2 жылға жетпей, ойдым-ойдым болып жатады. Бұл қалыпты жағдайға айналған. Оның үстіне, коммуналдық қызмет мамандары маусым сайын жолды бұзып, жылу, кәріз немесе су жүйесін жөндейді. Бірақ кейін асфальтты қалпына келтірмейді.
Ермек Елберген, тілші:
- Мына жерді былтыр коммуналдық қызмет өкілдері қазған болатын. Жұмыстарды аяқтағаннан кейін үстін топырақпен жапты, болды. Биыл қала билігі бұл жерге брусчатка жапты. Осындай әдіс шаһар бойынша көп жерде қолданылуда. Бірақ бұл тиімсіз. Себебі брусчатка асфальттай болмайды. Жол тегіс емес.
Биыл шаһардағы бірнеше жолды жөндеу жоспарланған. Ол үшін бюджеттен 1 миллиард 300 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылыпты.
Марат Жүнісов, қалалық ТҮКШ және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:
- Ауа райына байланысты асфальт дайындайтын зауыттар іске қосылған жоқ. Сондықтан брюсчаткаларды салдық. Бүгінде шұңқырларды жөндеуге тендер өтті. Мердігер анықталды. Жақында жұмыстар басталады.
Былтыр жөнделген жолды биыл қайта істеуге тура келеді. Мамандар ол үшін бюджет қаржысы шығындалмайды деп сендіріп отыр. Шығынды мердігер компания көтереді. Себебі олар жолдың сапасына 2 жылға дейін кепілдік береді.
Ермек ЕЛБЕРГЕН