Қаржы комитеті - Дүниежүзілік кеден ұйымының маңызды органдарының бірі. Оған мүше болу кез-келгенге бұйыра бермейтін бақ. Өйткені, ұйымға мүше 179 елден бұл комитетке тек 17 мемлекет қана өкілдік ете алады.
Біздің ел мұндай мәртебеге бұған дейін екі рет ие болған. Енді алдағы екі жылда да Қазақстан халықаралық ұйымның қаржы есебін дайындауға және ұйым қаражатының талан-тараж болмауын қадағалауға ат салысатын болады.
Гұсман Әмрин, ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы:
Бұл әлемдік қауымдастықтың Қазақстанға сенім артып, мойындағанының дәлелі. Бұл біздің абыройымызды асқақтатып қана қоймай, осы ұйыммен тығыз жұмыс жасауымызға септігін тигізеді. Әрі комитетке мүше болу арқылы біз әлем елдерінің кеден саласындағы озық тәжірибелерімен танысып, оны өзімізде енгіземіз. Ендігі мақсат - Кеден ұйымының саяси комитетіне де мүше болу.
Нұрсұлу ҚАСЫМ