Жасөспірімдер арасында семіздік көбеюде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасөспірімдер арасында семіздік көбеюде

24.04.2019

Оқушылардың 60-70 пайызы мектептерде дайындалған ыстық тамақты ішпей, қалдырып кетеді екен. Оның орнына балалар зиянды қытырлақтар мен газдалған сусын алып, денсаулықтарына зиян келтіреді. Соның салдарынан жасөспірімдердің 35 пайызы артық салмақты. Бұл туралы елордада өткен симпозиум барысында тағамтану академиясының ғалымдары мәлімдеді.

Мамандар бұл мәселені шешу үшін тағамтану комбинаттарын құру қажеттігін айтады. Жүйеге келтірілген орталықтан білім ордаларына арнайы контейнерлерде тексерілген ас жіберіліп отырмақ. Ғалымдардың пікірінше, осындай шара арқылы ғана жастардың саулығына кепілдік беруге болады. Өйткені артық салмақтан бөлек, балалардың ағзасына витамин жетіспейді. Нәтижесінде бүлдіршіндердің көру қабілеті нашарлап, ас қорыту жүйесі проблемаларына жиі шалдығады.

Ерболат Дәленов, Қазақ тағамтану академиясы тағамтану мәселелері институтының директоры:

- Таңертеңгі ыстық тамақ барлық жерде жоқ. Екі-ақ жерде, Алматы мен біздің Астанада ғана ақысыз ыстық тамақ беріледі. Қалған жерде ыстық тамақ әлі жоқ. Ыстық тамақпен бүкіл Қазақстан бойынша тек қана 27-33 пайыз қамтылған. Келешек балаларға ыстық тамақ беру жағын көп ойластыруымыз керек. 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу