Атты полицейлер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атты полицейлер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді

25.04.2019

Өскемендік полицейлер саяжайлар мен жеке тұрғын үйлер аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті атқа мініп қадағалай бастады. Кавалерия взводының қызметкерлері жыл сайын жаз маусымы басталысымен осылай жұмыс істейді. Атты патрульдің көмегімен көптеген ұрлық та ашылды.

Тәртіп сақшылары таң атысымен тұлпарларын ерттеп, сапқа тұрады. Басшылары кімнің қай бағытта жұмыс істейтінін белгілеп, тиісті тапсырмаларын береді. Бұл жердегі жігіттердің барлығы бала кезінен ат құлағында ойнап, ауылда өскен.

Өскемен қаласының аумағында 150-ден астам саяжай бірлестігі бар. Сәйгүліктерін сайлап мінген сақшылар бірінші кезекте қылмыс көп тіркелетін аумақтарды аралайды.

Шалқар Заманбеков, қалалық Полиция басқармасы жол-патрульді батальонның штаб бастығы:

- 102 номеріне келіп түскен хабарлама бойынша оқиға орнына жақын арада жүрген атты патруль жіберіледі. Орталықпен рация арқылы байланысады және әрқайсысы бейнетіркегішпен, арнайы техникамен жабдықталған.

Полицейлер саяжай мен жеке тұрғын үй секторында тәңертеңнен кеш батқанша дейін жүреді. Атты полицейлер көлік өте алмайтын жерлермен бой тасалайтын әккі ұрылардың адымын аштырмай құрықтайды.

Қуаныш Қызыров, қалалық Полиция басқармасының инспекторы:

- «Радуга» саяжай бірлестігінен темір ұрлаған ұрыны ұстағанбыз. Ол жол жоқ жермен қашып, осы аттың арқасында трассаға жеткізбей ұстап үлгеріп, қылмысты аштық.

Соңғы үш жылда Өскеменде атты патрулдің көмегімен 30-дан астам қылмыс ашылған. Ұры-қарылармен күресіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тұрғындардың өздері де көмек көрсетеді.

Бағидолда Қайырбаев, қала тұрғыны

- Аттардың күйі жақсы екен, жігітер де сайдың тасындай. Қандай әдемі. 

Осы жылдың басынан бері Өскеменде 1 мыңға жуық ұрлық фактісі тіркелді. 100-ден астам қылмыс саяжай бірлестіктерінде жасалған. Тұрғындар атқа мінген полицейлердің арқасында қылмыс деңгейі әлі де төмендейді деп сенеді.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу