Ақтөбе облысында велосипедшілер ауылы бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында велосипедшілер ауылы бар

25.04.2019

Велосипедшілер ауылы. Ақтөбе облысындағы Мәртөк елді мекенін өңір жұртшылығы осылай атайды. Себебі мұндағы тұрғындардың 70 пайыздан астамы ауыл арасында екі аяқты көлікпен жүреді. Тіпті, әр мекеменің алдында арнайы тұрақ бар. Жол полициясы қызметкерлері: «Автокөлік аз болғандықтан, жол-көлік оқиғалары жоқтың қасы», - дейді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Бұл - ауылдағы ең танымал көлік құралы. Тұрғындардың барлығы күнделікті жұмыстарына осындай велосипедпен барады. Бұл көлік біріншіден өте қауіпсіз, екіншіден денсаулыққа да пайдалы.

Айжан Мақатова ес білгелі велосипедпен жүреді. Қазір мініп жүрген соңғы екі аяқты көлігін зейнетке шыққан жылы отағасы сыйға тартыпты. Онымен күніне ондаған шақырымды артқа тастайды. Немерелерін мектепке тасиды, базарға барып азық-түлігін алып келеді.

Айжан Мақатова, Мәртөк ауылының тұрғыны:

- Бала кезімізде 3 аяқты велосипедтен бастадық. Одан кейін - осы. Өзім ауыл шаруашылығы саласында трактор, сондай көліктер айдаған адаммын.

«Шағын Бейжің» аталып кеткен ауылда 10 мың шамасында тұрғын бар. Бірақ мұндағы көшелерден автокөлікке қарағанда велосипедті көп көресіз. Әкімдік қызметкерлерінен бастап мектеп мұғалімдеріне дейін жанармайды қажет етпейтін, денсаулыққа пайдасы мол осы көлікті таңдаған. Әр мекеменің жанында арнайы тұрақ та бар.

Бауыржан Мұстафин, №1 Мәртөк орта мектебі директорының орынбасары:

- Біздің мектебіміздің мұғалімдерінің 90 пайызы велосипедпен жүреді. Велосипедпен ыңғайлы және балаларымыздың да көбісі велосипед пайдаланады.

Аудан орталығында он жылдан астам уақыт бұрын қоғамдық көлік жүрген. Алайда, халықтың дені велосипедпен жүретіндіктен ол қызмет түрінің қажеті болмай қалыпты. Ауыл көшелерінде көліктің аз болуы жол полициясының жұмысын да жеңілдетіп отыр.

Мәртөк көшелеріндегі бұл көрініске көршілес жатқан Ресейден келетін қонақтар да таңданатын көрінеді. Ауыл тұрғындары алдағы уақытта велосипед мінген зейнеткерлер арасында жарыс ұйымдастырып, жалпы облыс тұрғындарына үлгі өнеге көрсетпек.

 Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу