Өскеменде жолаушы тасымалдауға автобус жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде жолаушы тасымалдауға автобус жетіспейді

25.04.2019

Өскемен тұрғындары қоғамдық көліктердің қызметіне шағымданып, Ұлттық арнаға қоңырау шалды. Айтуларынша, әсіресе шығыстағы бас шаһар іргесіндегі шағын аудан тұрғындары азап шегіп жүр. Жолаушылар автобусты сағаттап күтеді. Соның өзінде келген көлікке сыймай қалады.

Бұл - Өскеменде 42-ші бағытпен жүретін автобус ішіндегі күнделікті көрініс. Әсіресе, таңертең және кешке жолаушылар бір-біріне міңгесіп алады. Қоғамдық көлік теміржол вокзалынан шаһардың басқа шетіндегі әскери қалашыққа дейін жүреді. Сондықтан, көлік қозғалғанда-ақ жолаушыларға лық толады.

Гүлнәр Шәкірова, қала тұрғыны:

- Мына маңайдың бәрінде халық тұрады. Мектепке баратын бала-шаға қысылып барып, қысылып қайтады.

Соңғы 10 жылда Өскемен қаласының аумағы шамамен 100 гектарға ұлғайды. Бірнеше елді мекен қосылды, бұрынғы саяжай кооперативтерінің көбі шағын ауылдарға айналды. Мұнымен қоса, мыңдаған адам жер телімін алып жеке баспана салды. Ал, қоғамдық көліктің жүру кестесі көп өзгермеген.

Берік Көшербай, тілші:

- «42-ші автобусты кемінде 42 минут күту керек» деген әзіл де бар Өскеменде. Асықпайтын адамға, жазда бұл көп сезілмеуі де мүмкін. Алайда, қысы қатал Шығыста, -40 градус аязда аялдамада осыншама уақыт отыру - оңай емес.

Ресми мәлімет бойынша, Өскеменнің көшелеріне күніне 308 үлкен және 98 шағын автобус шығады. Мысалы, 42-ші бағытта күн сайын 11 автобус жүруі тиіс. Оларды бақылайтын құзырлы орган көлік қатынасының не себептен ойдағыдай болмайтынын біліп отыр.

Ольга Графкина, Жолаушылар тасымалдауын басқару орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Бұл бағытта жүретін 1-2 автобус жолға шықпай қалады. Автопарк басшылары мұны көлік жүргізушілерінің жетіспеушілігімен түсіндіреді.

Өскемендегі кейбір бағыттарда бірінші және соңғы аялдаманың арасы 10 шақырымнан асады. Ал, республика бойынша орташа көрсеткіш - 4-6 километр. Сондықтан Шығыстың бас шаһарындағы қоғамдық көлік қозғалысын өзгерту үшін былтыр бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Арнайы мамандар шақырылып, көліктік логистиканы жақсылап зерттеді. «Олардың ұсынысы маусым айында автопарктер арасында өткізілетін жаңа байқау кезінде ескеріледі»,-дейді мамандар.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу