Алматыда 923 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 923 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

30.04.2019

Айдың басынан бері мемлекеттен берілетін көмекті алуға 4 мыңнан аса өтініш қабылданып, олардың 3 мыңға жуығы арнайы талаптарға сәйкес келген. Жалпы, атаулы әлеуметтік көмек бойынша 23 мыңнан астам тұрғын кеңес алған.

Аталған көмекке қол жеткізгендердің бірі - Қанапияновтар отбасы. Арнайы мамандар алдымен, отбасының материалдық жағдайын тексеріп, ұсыныс білдірген. Осының нәтижесінде, көпбалалы отбасы енді ай сайын алты балаға жиырма бір мың теңгеден жәрдемақы алады. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығы оларды жұмысқа орналастырған.

Ләззат Қанапиянова, көпбалалы ана:

- Жолдасым үшінші топ мүгедектігін алады. Өзім көпбалалы ана ретінде сол жәрдемақымды ғана алып отырдық. Бірақ Жұмыспен қамту орталығы бізге жұмыс тауып берді. Сол жерде тіркеуге алындық.

Бұл бағдарламаға қала бюджетінен 89 миллион теңге жұмсалған. Алайда, жәрдемақыға ілігу үшін арнайы талаптар бекітілген. Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы мамандарының айтуынша, құжат қабылдау кезінде алтын алқа және күміс алқа иегерлері, көпбалалы отбасылар, жалғызілікті аналар мен мүгедек балаларға берілетін жәрдемақылар есепке алынбайды. Тек отбасылық табыс мөлшері адам басына шаққанда 21 172 теңгеден аспауы тиіс.

Сайран Тәпенұлы, Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары:

- Біріншіден, осы кісілер тіркелген жерде тұру керек. Уақытша тіркеу болсын, әлде болмаса тұрақты тіркеуге тұрған кездерде міндетті түрде сол жерде тұру керек болады. Және ол кісілердің тұрмыстық жағдайын тексереді. Үйде қандай жағдай бар? Мысалы, көзге көрінеді ғой. Екі жүз, үш жүз теңге асып тұрған кездерде учаскелік комиссия барлығын қарастырып берейік деген шешім қабылдаса, біздер міндетті түрде тағайындайтын боламыз.

Бүгінде барлық аудандық бөлімше түскі үзіліссіз таңғы 8:30-дан 20:00-ге дейін құжат қабылдап жатыр. Сонымен қатар, қабылданған мәліметтерді желіге жылдам енгізіп, жұмыс сапасын арттыру мақсатында Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан қосымша мамандар жұмылдырылған.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу