Жергілікті әкімдік спортшыларды алдап соқты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жергілікті әкімдік спортшыларды алдап соқты

03.05.2019

Маңғыстау облысының паралимпиада спортшылары осылай деп шағымдануда. Былтыр Мәскеудегі халықаралық жарысқа барған жаңаөзендік спортшылардың барлық шығынын қалалық әкімдік көтеруі тиіс болған. Алайда, қаржы уақытылы аударылмаған соң, мүгедек жандар жарысқа өз қаржыларымен барып қайтқан. Ол үшін кейбірі банктен несие де алған көрінеді. Ал, жергілікті әкімдіктің бұған қатысты айтар өз уәжі бар.

Самат Әлен бірнеше айдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүр. Жаттықтырушы Мәскеудегі жарысқа бару үшін бактен 350 мың теңге несие алған. Алайда, содан бері бес ай уақыт өтті, қаржыны қайтарып береміз деген жергілікті билік уәдесін орындамағанын айтады.

Саматтың несиені жабуға шамасы таусылды. Мүгедек жандарды сауықтыру үшін баптап отырған жылқының жем-шөбінің шығыны тағы бар. Салықты уақытылы төлемеген соң, есепшоты бұғатталды. Самат сияқты тағы бірнеше ата-ана банктен несие алған. Бар тапқанын науқас балаларының еміне жұмсап отырған жандарға қарызды жабу - жығылғанның үстіне жұдырық болды.

Рысгүл Қабылова, ата-ана:

- Әкімдік көмек беруге уәде берді ме, сөзінде тұрсын.

Бір қызығы, жыл соңында әкім халық алдында паралимпиадалық спортшыларға көмек көрсетілді деп есеп берген. Ал, Жаңаөзен қалалық спорт бөлімінің басшысы бұл жарыстың о баста жоспарға енгізілмегенін алға тартты. Сондықтан бюджеттен қаржыландыру мүмкін болмапты.

Мұрат Әлиев, Жаңаөзен қалалық спорт бөлімінің басшысы:

- Алдын ала бүкіл қаржыландыру мәселесін шешіп, содан кейін ғана жолға шығу керек еді. Негізінде республикалық деңгейде күнтізбеге енген іс-шаралардың барлығына қаржы бөлініп, қарастырылған.

Мәскеудегі жарыста кембағал жандар үш бірдей жүлдені жеңіп алды. Бірақ олардың бұл жетістігін бағалап жатқан ешкім жоқ. Қазір мүгедек спортшылар қолайсыз болса да, үй ауласында жаттығуға мәжбүр. Себебі әкімдіктіктің ұсынған орыны Жаңаөзеннен 12 шақырым қашықта жатыр.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу