ШҚО-ның Үржар ауданында мал шаруашылығы айтарлықтай дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-ның Үржар ауданында мал шаруашылығы айтарлықтай дамып келеді

03.05.2019

Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданы ауыл шаруашылығын дамытуда өзгелерге қарағанда ілгері келеді. Былтыр 132 тонна ет көрші Өзбекстанға экспортталған. Егін мен мал шаруашылығын қатар игерген өңір шаруалары биыл да дәнді-дақылдан мол өнім алып, ет экспортын еселеуді жоспарлап отыр. 27 ауылдық округі бар Үржар ауданы облыстағы ең ірісі саналады.

Қуанышбек Әлбидеков - Қарабұта ауылының тұрғыны. 20 жылдан бері мал өсіріп, егін егумен айналысып келеді. Алғашында тек 10 бас ірі қарамен ісін бастаған. Қазір өрісі малға толып сиырдың саны 250-ге жеткен. Оған қоса 2000 гектар егістік алқабы бар. Өзінің 15 ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қуанышбек Әлдибеков, Шаруа қожалығының жетекшісі:

- Әулиекөлмен айналысып жатырмыз. Субсидияны соған алып жатырмыз қазір. Симментал тұқымды сиырларымыз бар.

Үржар ауданында өсімдік шаруашылығы да жақсы дамыған. Биыл аудан диқандары егістік көлемін ұлғайтып, 183 мың гектарға жеткізбек. Ол үшін мемлекеттен берілетін субсидия мен түрлі жеңілдіктер жұмыстың ширай түсуіне көп септігін тигізіп отыр-дейді мамандар.

Мұратбек Шөмшеков, Қарабұта ауылдық округінің әкімі:

- Мемлекеттің қолдауы бар. Субсидиялар беріп жатыр. Жердің топырағының құнарлылығын арттыру үшін. Гербициттер алу үшін субсидия төленеді.

Осы күні ауданда 5 мың басқа 25 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы Шығыс Қазақстан бойынша тек Үржар өңірінен 132 тонна ет Өзбекстанға экспортталған. Биыл бұл межені еселеуге күш салынбақ.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу