Ертіс өзенінде жүк тасымалдау маусымы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертіс өзенінде жүк тасымалдау маусымы басталды

03.05.2019

Биыл «Павлодардың Өзен порты» АҚ су жолы арқылы Ресейге жүк тасымалдауды ұлғайтпақ. Жуықта Еуразиялық экономикалық комиссияның көлік және инфрақұрылым жөніндегі кеңесші комитеті Мәскеуде басқоспақ. Осы жиында тараптар судағы жүк тасымалына қатысты біраз мәселені талқыламақ ниетте. Еліміз су жолы арқылы жүк тасымалының 30 пайыз мүмкіншілігін ғана пайдаланады. Сондықтан бұл көрсеткішті еселеу міндеті тұр.

«Павлодар өзен порты» халықаралық бағытта жүк тасымалдайтын аймақтағы жалғыз кәсіпорын. Ал, қарт Ертіс еліміздің Шығысын Ресейдің Батыс Сібір аймағымен жалғастырып жатыр. Су жолы арқылы көрші мемлекетке Қазақстан қиыршық тас, тұз және басқада инертті материалдар жібереді. Қайтар жолда орман қарағайын тиеп алады. Биылғы маусымда Сібір кәсіпорындары Павлодардан 12 мың тонна тұз алуға тапсырыс берді.

Ерлан Митенов, өзен портының бас инженері:

- Біз олардан 8 мың текше метр ағаш әкеліп, 150 мың тонна қиыршық тас апарамыз. Бұл Ресей Федерациясымен келісілген. Ал, ішкі тасымалымыз тағы бар. Кемінде өзен табанынан шығарылатын 900 мың текше метрге жуық құрылысқа қажетті құмды баржамен кәсіпорындарға апарып береміз.

Қазір өңірде 100-ге тарта ірі габаритті баржалар, екі мыңнан астам шағын кемелер бар. Олар биылғы маусымға тыңғылықты дайындалды. Жүк көтергіш техника, жүзгіш крандар тегіс күрделі жөнделді. Бірақ олардың бәрі жұмыспен қамтылады деген сенім жоқ. Өйткені су жолдарының әлеуетін толық пайдалануға кейбір әкімшілік кедергілер бөгет жасайды.

Төлеген Күлжан, өзен порты басшысының орынбасары:

- Ең бірінші мына су көлігі саласындағы заңнамаларды ұйлестіру. Және ішкі су көлігіндегі Ресей мен Қазақстанның кемелерінің Обь, Ертіс бассейнінде, Зайсан, Обь бассейнінде еркін жүруге мүмкіндік беретін кедергілерді жою.

Ол үшін Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдер арасындағы су көлігі жөніндегі заңнамаға жеңілдіктер енгізу қажет. Сондықтан мамырдың 20-сында Мәскеуде өтетін жиынға «Павлодардың Өзен портынан» арнайы өкілдер қатысады.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу