Германия Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруін қалайды, әрі жан-жақты қолдайды. Бұл туралы Берлин Еуразиялық клубының 10-шы отырысында айтылды. Клубтың құрылғанына екі жыл.
Осы аз уақытта оның мүшелері екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолында біраз іс атқарды. Алман елінің өкілдері Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның даму жолына ерекше баға беріп отыр. Кездесу барысында ел экономикасын ілгерілететін мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы да әңгімеге арқау болды.
Германия саясаткерлері мен сарапшылары Қазақстанмен сауда-саттықта, инвестиция тартуда, білім мен ғылым, мәдениет саласындағы әріптестікті нығайту жолдарын қарастырды.
Михаэль Глос, Бундестаг депутаты:
Қазақстан – мақсаты биік, даму болашағы зор сенімді серіктесіміз. Біз екі елдің қарым-қатынасын нығайтатын әрбір бастамаға қолдау көрсетуге дайынбыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұтымды саясат жүргізіп келеді. Дамыған 30 елдің қатарынан көрінуіне және Дүниежүзілік сауда ұйымына кедергісіз қосылуына біз тілектеспіз. Және осы бағытта келіссөздер жүргізуде атсалысқымыз келеді.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ