Шен таққан егіздер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шен таққан егіздер

07.05.2019

Ақтөбелік Қарымсақовтар отбасы Отан қорғаушылар мерекесін ерекше күтеді. Себебі бұл үйдегі ер азаматтардың барлығы дерлік құқық қорғау саласында еңбек етеді. Ал, үйдің егіздері Марат пен Мират өзгелерге үлгі болып жүр. Бір қызығы, оларды күнде көріп жүрген қызметтестері де айыра алмай қиналады екен.

Марат құқық қорғау саласында он жылдан бері қызметте. Бірнеше жыл тергеуші болған. Нәтижелі жұмысының арқасында мақтаулы маман атанды. Қазір полиция департаментінің аға инспекторы. Адамға көмектесу – оның өмірлік ұстанымы, басты борышы.

Марат Қарымсақов, Полиция департаментінің аға инспекторы:

- Бірде зейнеткердің ақшасын біреулер ұрлап кетіпті. Зейнеткерлерге көмектеспесек, өзімізді полиция қызметкері деп қалай санаймыз? Сол себепті 2 сағаттың ішінде, қасымда қызметкерлер бар, қылмыскерді ұстап, апайға ұрланған ақшасын қайтарып бердік.

Мараттың сыңары – Мират та еңбегінің арқасында аз уақытта мақтаулы маман атанды. Полиция майоры қазір қалалық Полиция басқармасы, анықтау бөлімінің бастығы. Егіздер жұмыс барысында жиі жүздесіп қалатындықтан, әріптестері оларды ажырата алмай жатады екен. Бірақ бұл ұқсастықтары оларға ешқашан кедергі келтірген емес.

Мират Қарымсақов, қалалық Полиция басқармасы, анықтау бөлімінің бастығы:

- Абыройлы жұмыс. Ойлайтыным – Ішкі істер органдары, жас балаларға айтатыным – ешқашан қорықпасын. Келіп, Ішкі істер органында жұмыс істесін. Сырттай айта береді. Негізі ол погонды әр адам кие алмайды.

Мереке қарсаңында егіздер әкелерін арнайы құттықтап келді. Гамил Қарымсақов ұзақ жылдар бойы Прокуратурада еңбек еткен. Оның бауыры да құқық қорғау саласында қызметте. Осылайша бұл әулеттің азаматтары өмірлерін ел тыныштығын қорғауға арнаған.

Гамил Қарымсақов, Прокуратура саласының ардагері:

- Інім бар. Ол елордада тұрады. Отставкадағы полковник. Ол да Ішкі істер бөлімінде жұмыс істеген. Қазіргі жастарға мен өте ризамын. Біздің болашағымыз - жастар. Біз барлық нәрсені осы жастардан сұраймыз.

Егіздер бұл саланы таңдағандарына ешқашан өкінген емес. Әріптестері де оларды адал қызметкер ретінде құрмет тұтады.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу