Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шарада оларды туған-туыстары мен әскери мектептердің курсанттары зор қошеметпен шығарып салды.
Отан қорғаушылардың құрметіне арналған салтанатты шара 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақта өтті. «Жас Ұлан», «Арыстан» сияқты әскери мектептердің курсанттары Қорғаныс істері департаментіне қарасты құрылымдардың сарбаздарымен бірге сап түзеді.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
- Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштері - әлеуеті мол, айбыны зор, кез келген жағдайға дайын қауқарлы әскер. Батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрі мен жауынгерлік тәжірибесін тарихтан оқып білсек, кешегі ІІ Дүниежүзілік соғыста ел қорғаған ардагерлеріміздің бірқатары бүгін біздің арамызда. Жеңіс күні қарсаңында қаламыздағы 268 соғыс ардагерім мен мүгедектеріне 250 мың теңгеден төлемақы берілді. Біз оның көлемін екі есеге арттыру туралы шешім қабылдадық. Яғни, биыл соғыс ардагерлерінің және мүгедектерінің әрқайсысы жалпы 500 мың теңгеден қаржылай көмек алатын болады.
Мерекелік шара кезінде 50 сарбаз ел алдындағы борышын өтеу үшін Аягөз қаласындағы әскери гарнизонға аттанды. Оларға «Арыстан» мамандандырылған лицейінің курсанттары естелік сыйлықтарды табыс етті. Жас жауынгер Рысбек Өмірәлиев бала кезінен сарбаз атанып, сардар болуды қалағандығын айтты.
Рысбек Өмірәлиев, жас сарбаз:
- Кішкентай кезімнен бастап өзім әскери қызметте жұмыс істегім келген. Олардың тәртібі өзіме ұнайтын. Соған байланысты өзім осы жолға түсіп, ары қарай әскери бағытта жұмыс істеуге дайынмын және де соны көздеп отырмын.
Сонымен қатар, «Жас сарбаз» патриоттық клубының алғашқы тәрбиеленушілеріне де сертификаттар мен куәліктер берілді. «Жас сарбаз» - былтыр Елбасының бастамасымен құрылған әскери патриоттық қозғалыс. Ауқымды шарада өнерпаздар рухты, жалынды әндер салса, десантты шабуылдаушы жасақ жиналғандарға әскери айла-тәсілдерді көрсетті.
Аманкелді СЕЙТХАН