Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев осылай деді. Биыл 6 мың жанұя кезек бойынша жалдамалы баспанаға кіреді. Осы айдың өзінде 1300 пәтерді табыстау жоспарланып отыр. Үкімет бұл жобаны 2025 жылға дейін жалғастырып, 40 мыңнан аса көпбалалы жанұяны жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейді. Бағдарламаны іске асыру үшін жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді.
Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2 пайыздық мөлшерлемемен ипотекалар беріле бастады. Ол несие көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Жыл аяғына дейін бұл жоба арқылы 6 мың жанұяға ипотека беру көзделуде.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары:
- Бұл жұмыстар бақылауға алынды. Барлығы жоспар бойынша кестемен атқарылуда. Бүгінде баспана алуға кезекте тұрған көпбалалы отбасылар 2025 жылға дейін мемлекеттен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ