Қарақия ауданында көзі тірі жалғыз майдангер Күбір Тлешовке құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарақия ауданында көзі тірі жалғыз майдангер Күбір Тлешовке құрмет көрсетілді

10.05.2019

Маңғыстау облысы Қарақия ауданында көзі тірі жалғыз майдангерге құрмет көрсетілді. Жеңістің 74 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы бастап, ауыл үлкендері мен жастары қостап, қарияның шаңырағына барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Абыздың батасын алды.

 

Күбір ақсақал биыл тоқсанның бесеуіне келді. Соңғы кездері денсаулығы сыр бергенімен, ойы сергек. Жастарға ақылын айтып, көрген бейнетін баяндайды. Бүгінгі бейбіт өмірге шүкірлік етеді.  

 

Күбір Тлешов, соғыс ардагері:

Қазақстанда жақсы. Басқа шет елдерде ұрыс-қақтығыс болады. Тыныштық тұрақтап, ел аман болсын деп тілеймін.

 

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол небәрі 18 жаста еді. Өзі секілді жас жігіттермен бірге қанды майданға аттанды.  Теңіз әскерінде қызмет етті. Жапон қақтығысына да қатысып, ерлік көрсетті.

 

Күбір Тлешов, соғыс ардагері:

Қазіргі жастар жақсы өсіп келеді. Бізде уақыт деген болмады. Сөйтіп жүріп, соғысқа кеттік. Соғыстан кейін жетіспеушілік болды.

 

Ардагер жүріп өткен жолына ешуақыт өкінген емес. Соғыс оны бейбіт күннің қадірін түсінуге үйретті. Жастарға айтар өсиеті де - сол.

 

Әлібек Оразбекұлы, Қарақия аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметкері: 

Ардагерлеріміздің қазіргі жастарға қалдырған үлкен істерінің бірі - бізге сыйлаған жеңісі. Ата-бабамыз Тәуелсіздікті қарудың күшімен қорғап берсе, қазіргі жастар, біздер, оны біліммен, ақылмен сақтап қалуымыз керек.

 

Күбір ата зейнетке шыққанша теміржол саласында тынбай еңбек етті. Тіпті «Кеңес одағының Құрметті теміржолшысы» атанды.

 

Аягөз ОРАЛБАЙ

Хабарламаларға жазылу