Қазақстанның Ливандағы бітімгерлік ротасы алмастырылды. Жарты жыл бойы міндеттерін абыроймен атқарған әскери қызметкерлер елге оралып, екінші бітімгерлік рота қызметке кірісті. Олар Біріккен Ұлттар Ұйымының уақытша күштерінің құрамында 6 ай қақтығыс болу ықтималдығы жоғары сол аймақтағы тыныштықты сақтауға көмектеседі. Толығырақ тілшіміз Оңғар Алпысбайұлының сюжетінде.
Ливан. Соңғы жылдары соғыстан көз аша алмай отырған мемлекеттердің бірі. Шекаралас жатқан Сириядағы шиеленіс әлі басылған жоқ. Ал, Израиль болса, қит етсе қоқаң лоқы көрсетіп, басып кіруге әзір тұр.
Жағдайды тұрақтандыру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы аймаққа уақытша күштерін енгізіп, бақылауына алған. Әлемдік дәрежедегі оқиғадан Қазақстан да қалыс қалмай алғаш рет бітімгерлер ротасын жіберіп, жаһан алдындағы міндетін атқарып жатыр.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:
Үндістанның және Біріккен Ұлттар Ұйымының уақытша күштерінің басшылығының жоғары деңгейдегі бағаларына ие болды біздің әскери қызметшілер. Әсіресе, олардың жауынгерлік даярлық деңгейі, олардың тәртібі өте жоғары бағаланады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Бүгінге дейін жат жерде әскери міндеттерін атқарған қазақ сарбаздары еліміздің Туын көкке желбіретіп, абыройымызды асқақтатты. Оны әрине, өз істерімен дәлелдеген. Мәселен, әскери тапсырмаларды орындау кезінде өзге елдердің сарбаздарынан оқ бойы озық болған. Оның үстіне түрлі спорттық жарыстар кезінде де 42 команданың ішінен бірнеше рет бірінші орынды иеленген.
Біздің сарбаздар өзгелерге әсіресе темірдей тәртібімен, және асқан төзімділігімен үлгі болған. Олар жүктелген міндетті ғана орындап қоймай, қазақ елінің абыройы үшін жұмыс істедік дейді.
Бахтияр Баталов Қазақстан бітімгерлер ротасының капитаны:
Біз көп жұмыс атқардық. Осы біздің жауынгерлер үлкен абыроймен қайтып бара жатыр. Осы жолды біз екінші ротаға тапсырып кетеміз. Үміттенем олар да осы жолды жалғастырады.
Көгілдір шекара шебіне енді келген қазақ сарбаздары да сайдың тасындай іріктелген, мықтылардың үздігі. Дайындықты 6 ай бұрын бастаған.
Назарбек Қабылбеков, екінші құрама бітімгерлік ротасының взвод командирі:
Қазақстан Республикасында біз бірнеше дайындық түрінен өттік. Оның ішіне бітімгершілік дайындығы кіреді. Бітімгершілік дайындықтың ең маңызды аспектісі жергілікті жермен танысу, медициналық тексерістен өту. Және психологиялық тексерістен өту.
Қазір Қазақстан тарапы, Біріккен Ұлттар Ұйымы және Үндістан тарапымен келіссөздер жүргізуде. Мақсат - дәстүрді тоқтатпай, біздің бітімгерлерді әлемдік маңызы бар жерлерге жіберіп тұру.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ