Мектеп ұжымы ол үшін 5 жыл көлемінде екі жасөспірімге арнап есепшот ашып, қаржы жинаған. Оған жыл сайын мектеп қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударып отырған. Жиналған қаржыға сатып алынған алғашқы бір бөлмелі пәтер Еркежан Ерсінқызына сыйға тартылды.
Ұстаздар оны арнайы келіп құттықтап, баспана кілтін салтанантты түрде табыс етті. Ата-ана қамқорлығынан айырылған Еркежан қазір Аягөз қаласындағы колледжде білім алуда. Жазда қаладағы университеттердің біріне оқуға түсуді жоспарлап отыр. Күтпеген жерден баспаналы болған Еркежан өзіне осындай тосынсый жасап, қайырымды іс атқарған ұстаздарына алғысы шексіз.
Еркежан Ерсінқызы, студент:
- Сенде осындай есепшот бар деді. Мен басында сенбедім. Содан кейін дұрыстап, анықтап сұрап, хабарластық. Сол кезде расымен бар екенін білдім. Бүгін көзім жетіп отыр. Армандар орындалады екен.
Бағдан Қайыржанов, Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры:
- Енді екінші тағы бір бала бар. Біз қаражат аударып отырған. Ол бала биыл 15 жаста. Енді бір-екі жылдан кейін кәмелетке толғаннан кейін, ол балаға да пәтер алып бермекпіз. Егер әрбір ұжым осындай өзінің күш-қуаты жеткенше, өзінің мүмкіндігі жеткенше ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балларға көмек көрсетіп отырса. Бұл, әрине, өте құба-құп іс болар еді деп ойлаймын.
Ержан ЖАҚЫП