Ақтөбе облысында өзендер тартылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында өзендер тартылып жатыр

20.05.2019

Ақтөбеліктер қаланың экологиялық жағдайына алаңдап отыр. Себебі жылда арнасынан асып-тасып жататын су арналары тайыздап қалған. Облыс орталығын кесіп өтетін Сазды өзені тіпті құрғап қалды. Белсенділер оған арналарға кеңейту жұмыстарын жүргізген жергілікті билікті кінәлайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Қазір мен тұрған жерде өткен жылдары тереңдігі екі метр су болатын. Қазіргі сиқы мынау. Өзен табаны құрғап жатыр. Тұрғындар бұл қаланың экологиялық ахуалына да кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтып, алаңдап отыр.

Ақтөбенің көркі болған Сазды өзенінің қазіргі жағдайы мәз емес. Жағалаудағы саябақтарда да адам аяғы сиреп қалған. Тұрғындар су болмаса, қаланың көркі бұзылады, шаң жұтуға мәжбүр боламыз деп ашынады.

Қанипа Көшекбаева, қала тұрғыны:

- Биыл мүлдем су жоқ. Алдыңғы жылы жақсы тасып, су болды.

Жергілікті билік тасқынның алдын алу мақсатында былтыр су арналарын кеңейтуді бастаған еді. Тұрғындар өзендердің кеуіп қалуына осы себеп болды дейді. Бұл пікірді жергілікті экологтар да қолдайды. Яғни, жүздеген жыл бойы қалыптасқан табиғи жүйе бұзылды деп дабыл қағып отыр.

Александр Мандрыкин, эколог:

- Ақтөбе суқоймасы енді толмайды. Бұл арналарды қажетінше сумен қамтамасыз ету енді мүмкін емес. Өзендерді кеңейтпей, тек тазарту керек еді. Мына бетондағандары да дұрыс емес. Қаншама бұлақтың көзі бітеліп қалды.

Ал, жергілікті билік судың жеткілікті екенін айтады. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Қала ішіндегі арналарға қажетті суды Сазды мен Ақтөбе су қоймаларынан жеткізу жоспарланған.

Жоспар бойынша, Сазды өзеніне алдағы үш-төрт күнде су жіберілуі тиіс. Дегенмен, тұрғындар бұл арналардың енді суға толатынына сенбейді.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу