Қызылорда облысында бір ауыл құм астында қалуы мүмкін. 10 жылда екі көшенің тұрғындары үйлерін тастап, басқа жаққа қоныс аударды. Жергілікті билік халықтың үдере көшпеуінің амалын жасап-ақ жатыр. Бірақ, табиғат құбылысына қарсы келу оңай болмай тұр.
Құм көшіп, ауылдың іргесіне келген. Өздеріңіз көріп тұрғандай, міне, шеткі үйлердің ауласын құм басып қалған. Сондықтан бұл үйдің тұрғындары басқа жерге қоныс аударуға мәжбүр. Жалпы ауылда бір үйден екінші үйге жету қиын. Әсіресе, желді күндері көзді ашып жүру мүмкін емес. Құм суырып тұр.
Шижаға ауылының тұрғындары құмды дауылға үйренген. Бірақ, бұрын дәл қазіргідей қауіп тудырмаған. Теңіз тартылғаннан кейін жылдан жылға көшкен құмға тосқауыл қою қиын болып барады.
Борай Сейдалиев, ауыл тұрғыны:
Бұл үлкен апат болып тұр. Тап осы біз тұрған жерде қанша үйлер болды. Соның барлығы осы құмның зардабынан көшіп кетті. Мына жерде екі көше құмның астында қалып қойды. Бұл тоқтайтын құм емес, күннен-күнге ауылды тықсырып келеді.
Ауылда 2300 халық тұрады. Олар көшіп-қонып шаршаған. Сондықтан шағылмен өз күштерімен күресуге тырысады. Бірақ, ол да нәтижесіз.
Айжарық Қосбармақов, ауыл тұрғыны:
Іргемізде 3 шақырым жерде «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» үлкен тас жолы жатыр. Енді ауылдың шетін айналып бара жатқан құм келешек тіпті, 5-10 жылда сол үлкен ұлы жолды да басып тастауы мүмкін. Ондай қауіп бар.
Арал аймағында тек Шижаға емес, Аралқұм, Ақеспе, Қарақұм секілді елді мекендердің тұрғындары да қорғансыздың күйін кешуде. Себебі, құм көшкінін тоқтатуға арнайы қаржы қаралмаған.
Нұрбек Жандәулетов, Октябрь ауылдық округінің әкімі:
Біз өткен жылы құм көшкінін суретке түсіріп, «Аралды құтқару қорына» хат берген болатынбыз. Енді ол жөнінде қаржы мәселесі деп олар тоқтатып тұр. Биыл қайтадан сол жұмыстарды бастаймыз ба деп жоспарлап отырмыз. Өте үлкен болып тұр көлемі құмның. Мемлекет тарапынан көмек болса деген ұсыныстар бар халықтың.
Тау боп үйілген құм төбеден төніп тұр. Адам түгілі техникаға әл берер емес. Әрбір күн қауіппен өтеді. Бірақ, жұрт оған қарамастан туған жерді тастап кеткісі келмейді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ