Елбасыға Ақтөбедегі «Айс плюс» ЖШС-нің тыныс-тіршілігі таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасыға Ақтөбедегі «Айс плюс» ЖШС-нің тыныс-тіршілігі таныстырылды

02.07.2014
Елбасыға  Ақтөбедегі «Айс плюс» ЖШС-нің тыныс-тіршілігі таныстырылды

Телекөпір барысында   Президентке Ақтөбедегі «Айс плюс» ЖШС-ның тыныс-тіршілігі де таныстырылды.

Еліміздің батыс өңірі мен Ресей Федерациясының көрші облыстарын сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған  іргелі кәсіпорынның қуаты әлі де арта түспекші.

 Ол үшін кәсіпкерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген несие берілді.

Бұл қаржыға соңғы үлгідегі техника алынып, зауытқа жаңа желі орнатылады.

Сол арқылы тауар айналымы еселеп артып, өнім  бағасы едәуір арзандамақшы.

Серіктестік қорасында 1 мыңнан аса сиыр бар. Тәулігіне 20 тонна сүт сауылады. Тағы 10 тонна сүт шағын қожалықтардан жеткізіледі. Ол жылы қалпында цехта өңделіп, айран, ірімшік пен сүзбе әзірленеді. Ешқандай қоспасыз.   

Қуантай Әбішев, сүт зауытының бас инженері:

Табиғи сүт болғаннан кейін ол 7 күн, аз сақталады. Сондықтан, дүкендерден  қайтып келмейді. Халық бізге сенім артып отырғаннан кейін, біз халықтың ойынан шығу үшін сапаға мән береміз.

Кәсіпорын автоматтандырылған жүйе бойынша жұмыс істейді. Мамандар сапаны қатаң қадағалайды. Бөтелке мен картон қаптамадағы сүт пен айранның 12 түрі бар. Ірімшік, сүзбе мен биоөнімдер де шығарылады. Екі цехта тәулігіне 25 тонна өнім дайындалып, сатылымға жіберіледі.

Сұранысқа сай зауыт қуаттылықты арттыруды қолға алды. Сағатына 6 мың бөтелкеге айран құйып, қаптайтын желі  орнатпақ.

Жаңа үлгідегі заманауи құрылғының құны қымбат. Сондықтан, мемлекеттік қолдаумен кәсіпорынға 184 миллион теңге несие берілді. Пайызы аз, өтемі ыңғайлы.

Гүлнар Жандәулетова, сүт зауытының директоры:

Жаңа жобаның құны - 219 миллион теңге. Өз қаржымыз 35 миллион болды, жетпегенін « Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 10 жылға несие алдық. 6 пайыздық үстемемен. Бұл - тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан жасалған жағдай.

Жаңа желі кәсіпорын кірісін еселеп, 20 адамды жұмыспен қамтитын болады. Өнім түрлерін көбейту жоспарда бар. Әсіресе, балаларға арналған табиғи, байытылған сүт өнімдері шығарылмақшы.

Тауарды өткізу нарығы да кеңеймек. Өйткені, көрші Ресей Федерациясында Ақтөбе сүті үлкен сұранысқа ие. Біздің өнім Орынбор облысына ғана емес, Ресейдің бірнеше өңірлеріне де жеткізілмек.

Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу