Елбасы Н.Назарбаев «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидаттың Республикалық қоғамдық штабына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Н.Назарбаев «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидаттың Республикалық қоғамдық штабына барды

23.05.2019

Елбасы Штабтың атқарып жатқан жұмыстарымен танысты.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:

Кандидаттар бізге қоғамның түрлі топтарының сөзін жеткізеді. Әр кандидаттың елімізді дамытуға арналған өз бағдарламалары бар. Оның барлығы дұрыс. Соның бәрін жинақтасақ, халыққа керекті нәрселерді табамыз. Қолдаушылар тарапынан ешқандай заң бұзушылықтар бүгінге дейін тіркелген жоқ. Барлық кандидаттарға бірдей жағдай жасалып отыр.

Мәулен Әшімбаев, штаб жетекшісі:

Қазіргі таңда кандидатымыздың үгіт-насихат жұмыстары қарқынды және ауқымды түрде жүргізіліп жатыр. Сайлау науқаны нәтижелі өту үшін барлық шараны қолға аламыз. Сол үшін республикалық және өңірлік штабтың мүшелері білек сыбанып жұмыс істеуде. Біз сіздің және Қасым-Жомарт Кемелұлының сенімін абыройлы ақтау үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Соның нәтижесінде 9-маусым күні Қазақстан халқының басым бөлігі сіздің саясатыңыздың сабақтастығын қолдап, елдің болашағы үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс береді деп кәміл сенеміз.    

Еліміздің саяси жетекші күші ретінде партияға артылған жүк аз емес. Басты міндет – Елбасы бастамаларының сабақтастығын сақтау. Биыл НұрОтан партиясына – 20 жыл.

Кандидатты қолдау мақсатында ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.  Тиімді әрі нәтижелі ұйымдастырып, керекті шаралар жүзеге асырылып жатыр. 190 адам құрамына кірген республикалық штаб жұмыс істеп жатыр. 17 өңірлік және 210 аумақтық қоғамдық штаб бар. Олардың құрамында 6000-ға жуық адам бар. 19 000-нан астам сенімді өкілдер белсенді жұмыс істеп жатыр.

Үгіт-насихат жұмыстарының алғашқы кезеңінде республикалық деңгейде 400-ден астам, өңірлерде  3 000-нан астам іс-шаралар өтті. Республикалық штаб мүшелері 9 өңірді аралады. Аяғына дейін елдің барлық өңірін аралап шығамыз.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:

Мен ешқандай кіртіксіз айтар едім. Қазақ мұндай өмірді еш уақытта тарихында көрген емес. Дәл бүгінгідей өмір сүрген емес. Дәл бүгінгідей еркін әлемді шарлаған емес. Осының барлығы халықтың жұмысы деп санаймын. Себебі халық қолдамаса мен мұны жасай алмайтын едім. Енді осы істеген жұмысты бүлдірмей алып, ары қарай алып жүру керек. Мәселе сол. Халықтың қолдауын білемін. Мен де сайлауға түсіп сайланар едім. Бірақ, өзім отырған кезде, көзім тірі кезде осы жұмысты басқа азаматтарға беріп, ары қарай қалай жүргенін көруім қажет. Соған көмектесуім керек. Соны істеуім керек.

1984 жылы өкіметтің бастығы болып отырғанда, Кеңес одағының делегациясы ішінде Қытайға бардым. Біз сонда ҚХР-ды араладық, ол кезде Кеңес одағы мен Қытай арасы нашар болатын. Делегацияның ішінде Қытай тілінен аударып, жас жігіт жүрді. Кеңес одағының елшілігінің ішінде жұмыс істейтін. Ол – Қасым-Жомарт Тоқаев еді. Сол кезде мен тұңғыш рет көрдім. Содан кейін Кеңес одағы ыдырап, тәуелсіздік алғаннан кейін маман іздеу керек болды.

Мұның бәрін айтып отырғаным – қаншалықты кандидатымызды білетіндігім. Әр жағынан. Адамды түсіну үшін бір жағынан қарамау керек. Адамды білу үшін оның қандай нәрсеге әуесқойлығы бар екенін білу керек, алдымен.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу