Алматы облысы аумағында 600-ден астам мореналық-мұзды көлдер бар. Өңірде сел қаупі артатын маусым басталды. Бірақ төтенше жағдай департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары ахуалды назарда ұстап отыр. Алаңдауға негіз жоқ. Бүгін өңір басшылары мен құзырлы орган өкілдері бірлесіп, аэровизуалды бақылау жүргізіп келді. Таулы аймақтарды тікұшақпен аралағандар қатарында арнамыздың түсіру тобы да болды.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
- Алматы облысы аумағында аса қауіпті деген жеті мореналық көл болса, оның үшеуі Жетісу Алатауында, қалған төртеуі Іле Алатауының шыңдарында орналасқан.
Әзірше мұндай көлдер 3 мың метр биіктікте әлі қалың қар мен мұздың астында жатыр. Шіліңгір шілде айында мұздықтар ерігенде ғана арнасы еселенеді. Дәл сол кезде арнайы құбырлар арқылы су сорылып, көлдің суы азайтылады.
Мейрам Нұрымбетов, «Қазселденқорғау» ММ Жетісу аумақтық пайдалану басқармасының басшысы:
- Сифон арқылы судың деңгейін азайтамыз. Және насоспен суды төмен қарай түсіреміз. Сол істеген жұмыстардың арқасында қазіргі күнге барлық қауіпті мореналық көлдердің жағдайы тұрақты.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары да таудағы өзен-көлдерді бақылауда ұстап отыр. Барлық қауіпті аймақтар күзетіліп келеді. Осы мақсатқа биыл республика бюджетінен 34 млн теңге қаржы бөлінді.
Қанат Алтынбеков, облыстық ТЖД басқарма басшысының орынбасары:
- 30 гидрологиялық бекеттер бар. Және соған қосымша 16 сезондық пост ашылады. 3 қосымша пост ашылуда.
Тау өзендері де өз арнасымен қалыпты ағып жатыр. Әзірше өңірде ауа райы да тосын мінез танытып жатқан жоқ.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ