Қызылордада мерейлі отбасы тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада мерейлі отбасы тұрады

27.05.2019

«Әке  көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер». Қызылордалық Қиянбековтер отбасындағы ұл мен қыз ата-анадан алған өнегелі тәрбиені өміріне жаратты, ұяда не  көрсе  ұшқанда соны ілді.  Шаттықты шаңырақтың мәуелі бәйтерегі – Әмір ақсақал өсіп-өнген осы  ұрпағымен мақтанады, марқаяды.  Сыр елінде мұндай отбасы көп. 

«Мерейлі отбасы» байқауына  372 отбасы   өтінім берген. Соның   10-ы үздік деп танылып, ақтық сында бақ сынады.  

Шиелілік Қиянбековтер отбасында  10 бала бар.  Баласының бойына саналы  тәлім мен тәрбиені сіңірсем деген ата-ананың үміті ақталды,    бүгінде олардың әрқайсысы бір-бір оттың егесі, елі қадірлейтін, жұрты құрметтейтін азаматқа айналды. Қиянбековтерден  тараған бала-шаға, немерелер бақыттың базарын қайнатуда.

Әмір Қиянбеков «Мерейлі отбасы-2019» облыстық байқауының жеңімпазы:

 Отасқанымызға 52 жыл болды. Содан бері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.

Қалкүл Жүсіпбекова, батыр ана:

«Алтын алқа» келін бар, «Күміс алқа» қыз бар. Аллаға шүкір. Мен бақыттымын. 

«Мерейлі отбасы» байқауы осындай алып бәйтерекке айналған іргелі әулеттерді насихаттайды. Жас отбастарына үлгі етеді.   Байқаудың өңірлік кезеңінде бақ сынағандар түрлі номинациялармен марапатталды.   

«Өнегелі отбасы»,    «Ынтымақты отбасы»,   «Ұлағатты отбасы»,   «Парасатты отбасы»   «Зиялы отбасы» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ конкурстың ең жас қатысушысы – Төрехановта  отбасы – «Рухты отбасы» атанды.

Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етілді. Отандық шипайжайларға жолдама берілді. Ал жеңімпаз Қиянбековтер отбасы республикалық байқауға қатысады.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу