Жыл басынан бері Алматы қаласының бюджетінен 5,5 миллиард теңге үнемделген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері Алматы қаласының бюджетінен 5,5 миллиард теңге үнемделген

27.05.2019

Ол туралы бүгін маслихат отырысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек айтты.

Қала басшысының айтуынша, бюджет үнемдеу үшін бірқатар жоба келер жылға шегерілген. Соның нәтижесінде, бұл қаражат мемлекет басшысының тапсырмасына сай, шаһардағы кезек күттірмес маңызды мәселелерді реттеуге және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалмақшы.

Атап айтсақ, кептеліс мәселесін шешу үшін айналма жолдар мен жаяу жүргінші жолдары салынады. Ескі мектептер мен балабақшалар күрделі жөндеуден өткізіледі. Осындай жұмыстар соңғы жылдары Алатау және Наурызбай аудандарында жүргізілуде.

Мәселен, Алатау ауданын дамытуға соңғы он жылда 430 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі халық игілігіне, яғни әлеуметтік мәселелерге жұмсалып жатыр. Оның ішінде, көпбалалы аналарды, тұрмысы төмен отбасыларды және жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған бірқатар бағдарлама қолға алынып, жүзеге асуда

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

Өткен аптада 44 пәтер кілттерін тапсырдық. Біраз аналарымыз кезекте тұр. Құжаттарын жинап қойды. Жалпы оған келісім берілді. Жақында біз әрі қарай осы пәтер кілттерін тапсыратын боламыз.

Сондай-ақ, қаражаттың бір бөлігін жастар мен тұрмысы төмен отбасыларға арналған «Жалдамалы тұрғын үй» жобасына «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолжетімді тұрғын үйлер салуға бағыттамақпыз. Бұл ретте білім беру нысандарын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Сонымен қатар инфрақұрылым жобалар, кәсіпкерлік саласы да басымдылықтар қатарында қаржыландырылады.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

                                                         

Хабарламаларға жазылу